ҚазҰМУ-да ANaMed Forum – New Generation 2026 халықаралық форумы басталды
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да ANaMed Forum – New Generation 2026 халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Бүгінде бұл форумды өңірдегі медицина, ғылым және білім саласын тоғыстырған ең ауқымды алаңдардың бірі деуге толық негіз бар.
Биылғы форумға әлемнің 23 елінен 1550-ден астам қатысушы жиналды. Алматыға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және өзге де мемлекеттерден жетекші ғалымдар, дәрігерлер, халықаралық сарапшылар, жас зерттеушілер, университеттер мен клиникалардың өкілдері, стартап жобалар мен технологиялық командалар келді.
Форумның негізгі тақырыбы «AI-Driven Personalization: Medicine & Education». Қазіргі таңда бұл бағыт жаһандық денсаулық сақтау жүйесінің даму үрдісін айқындап отыр. Жасанды интеллект диагностика, хирургиялық жоспарлау, онкология, кардиология, педиатрия, акушерия, медициналық білім беру және клиникалық шешім қабылдау жүйесіне кеңінен енгізіліп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, ANaMed Forum тек ғылыми жиын ғана емес, болашақ медицинасының жаңа моделін талқылайтын кәсіби алаңға айналып отыр.
Форумның ашылуында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы жасанды интеллект бүгінде әлемдік медициналық тәжірибеде маңызды орын алып отырғанын атап өтті.
«Жасанды интеллект болашақтың технологиясы болудан қалып, заманауи медицинаның нақты жұмыс құралына айналып келеді», – деді министр.
Ақмарал Шәріпбайқызының айтуынша, AI-құралдары бүгінде диагностикада, радиологияда, онкологияда, кардиологияда, қоғамдық денсаулық сақтау саласында және медициналық білім беруде қолданылып жатыр. Олар ауқымды деректер қорын талдауға, ауруларды ерте кезеңде анықтауға, тәуекелдерді бағалауға және болашақ дәрігерлер үшін жекелендірілген білім беру траекторияларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов ANaMed Forum-ның басты мақсаты тек технологиялық трендтерді талқылау емес, жасанды интеллект, персоналдандырылған медицина және клиникалық сараптама пациент игілігі үшін тоғысатын денсаулық сақтау жүйесінің жаңа келбетін қалыптастыру екенін айтты.
Екі күн бойы ҚазҰМУ алаңында 17 секция, 3 дөңгелек үстел өтіп, 500-ден астам баяндама жасалады. Форум бағдарламасы қазіргі медицинаның негізгі бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында онкология, хирургия, педиатрия, акушерия және гинекология, ішкі аурулар, цифрлық денсаулық сақтау, биоэтика, медициналық білім беру және халықаралық ғылыми ынтымақтастық бар.
Форум бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі – денсаулық сақтау мен медициналық білім беру саласына арналған AI-шешімдерді әзірлеуге бағытталған ANaMed AI Challenge хакатоны. Финалға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан келіп түскен 75 өтінімнің ішінен іріктелген 10 жоба шықты. Бұл жас дәрігерлер, ғалымдар мен әзірлеушілердің салаға нақты технологиялық шешімдер ұсынып отырғанын көрсетеді.
Форум аясындағы тағы бір маңызды алаң – Ғылым қорымен бірлесіп ұйымдастырылған Технологияларды коммерцияландыру реакторы. Мұнда медициналық технологияларды дамытуға, ғылыми стартаптарды қолдауға және ғылыми әзірлемелерді практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге бағытталған 14 инновациялық жоба ұсынылды.
ANaMed Forum – New Generation 2026 ҚазҰМУ-дың еліміздегі жетекші медициналық университет ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түсті. Бүгінде университет тек білім беру ұйымы ғана емес, ғылым, клиника, технология және жастар бастамалары тоғысқан, медицина үшін нақты шешімдер қалыптасатын ірі экожүйеге айналып отыр.
Бүгін ҚазҰМУ Алматыда болашақ медицинасын қалыптастырып жүрген мамандардың басын қосты. Олар сол болашақты бүгіннен бастап жасап жатқан буын.























































































































