ҚазҰМУ-дың Фармация мектебі 75 жылдығын атап өтті
Алматыда С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Фармация мектебінің 75 жылдығына арналған ірі халықаралық форум өтті. Ауқымды басқосуға Қазақстан, Жапония, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген жетекші ғалымдар мен сала сарапшылары қатысты.
Форум барысында соғыстан кейінгі жылдары шағын факультет ретінде іргесі қаланған білім ордасының бүгінгі халықаралық деңгейдегі ірі ғылыми-білім беру орталығына дейінгі қалыптасу жолы кеңінен сөз болды. Қонақтарды қарсы алған ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов 1951 жылы алғаш рет небәрі 50 студент қабылданғанын атап өтіп, дәл осы шешім Қазақстандағы фармацевтикалық саланың дамуына негіз болғанын және елдің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бастауына айналғанын айтты.
Кейін факультет құрылымы кезең-кезеңімен дамып, 2017 жылы Фармация мектебі болып қайта құрылды. Бүгінде мұнда 2000-нан астам студент, магистрант пен PhD докторант білім алады. Мектеп құрамында 7 бейінді жоғары технологиялық кафедра жұмыс істейді, ал оқытушылар құрамының ғылыми дәрежелілік көрсеткіші 60 пайыздан асады. Білім беру бағдарламалары жыл сайын НААР ұлттық рейтингісінде көш бастап келеді. Сонымен қатар оқу үдерісіне шетелдік жетекші мамандар кеңінен тартылып, осы уақытқа дейін 80-нен астам визитинг-профессор дәріс оқыған.
Фармация мектебінің бүгінгі ғылыми-білім беру әлеуеті мемлекет алдындағы маңызды міндеттерді жүзеге асыруға да тікелей бағытталып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстандағы отандық фармацевтикалық өндіріс үлесі ішкі нарықта 50 пайызға жетуі тиіс. Ректордың айтуынша, осы стратегиялық міндетті орындауда Фармация мектебі саланың негізгі интеллектуалдық серіктесіне айналып отыр. Халықаралық GMP және GxP стандарттары бойынша даярланған ҚазҰМУ түлектері бүгінде еліміздегі ірі фармацевтикалық зауыттардың негізгі кадрлық әлеуетін құрайды.
Сонымен қатар мектептің халықаралық байланыстары да жылдан-жылға нығайып келеді. Университет Польша, Аустрия және Грекия жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асырылған беделді NAWA «Cosmetic Valley» халықаралық жобасын елімізде алғаш болып жеңіп алды. Соның нәтижесінде фармацевтикалық косметология бағыты бойынша бірегей қосдипломды магистратура бағдарламасы іске қосылды.
Сондай-ақ 2011 жылдан бері Санкт-Петербург мемлекеттік химия-фармацевтикалық университетімен әріптестік табысты дамып келеді. Ынтымақтастық аясында бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, оқытушылар GMP-тренинг орталығында тағылымдамадан өтуде. Жинақталған халықаралық тәжірибе университеттің Симуляциялық орталығы мен Технопарк базасында тәжірибеге енгізіліп, студенттер мен ғалымдар «Anadel» және «ФитОлеум» компанияларымен бірге нақты коммерцияландыру жобаларын әзірлеуде.
Форум барысында Фармация мектебінің деканы Зуриядда Сакипова мен клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі Кайролла Рахимов мектептің тұрақты дамуы академиялық дәстүр мен заманауи технологиялардың үйлесімді сабақтастығына негізделгенін атап өтті.
Өткен форум Фармация мектебінің 75 жыл ішінде берік ғылыми әрі білім беру мектебін қалыптастырғанын тағы бір мәрте көрсетті. Бүгінде бұл әлеует университетке уақыт талабына жедел жауап беріп қана қоймай, Қазақстанның фармацевтикалық саласын жаңғырту үдерісіне белсенді үлес қосуға мүмкіндік беріп отыр.






































