Фармация мектебінде «Дәрілік заттардың сапасы және фармакопеялық стандарттар» атты шеберлік сыныбы өтті
Фармация мектебінің 75 жылдығына арналған «Фармациядағы цифрлық технологиялар: білім, ғылым және өндіріс интеграциясы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы және «ANaMed Forum – New Generation 2026» аясында кәсіби шеберлік сыныптарының топтамасы өтті.
2026 жылғы 19 мамырда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қабырғасында «Дәрілік заттардың сапасы және фармакопеялық стандарттар» тақырыбында шеберлік сыныбы өтті. Оған шақырылған сарапшы ретінде – ҚР ДСМ «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ҚР Мемлекеттік Фармакопеясы (МФ) және ЕАЭО Фармакопеясы басқармасының басшысы, ЕАЭО Фармакопеялық комитетінің төрағасы, ҚР МФ бас редакторы, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Төлегенова Ардақ Орынбасарқызы қатысып, сөз сөйледі.
Бағдарлама аясында дәрілік заттарды тіркеу, сараптау және фармацевтикалық нарыққа шығару кезеңдерінде олардың сапасын реттейтін негізгі нормативтік құжат ретіндегі фармакопеяның рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылар ҚР Мемлекеттік фармакопеясы мен ЕАЭО Фармакопеясының жұмыс істеу механизмдерін, сондай-ақ оларды жетекші әлемдік стандарттармен үйлестіру процестерін егжей-тегжейлі қарастырды.
Шеберлік сыныбы барысында фармацевтикалық кәсіпорындарды инспекциялау кезінде фармакопеялық талаптарды қолдану аспектілері талданды. Тыңдаушылар зертханалар арасындағы аналитикалық әдістемелер трансферінің принциптерімен, тұрақтылықты бағалау критерийлерімен, сондай-ақ тәуекелдерді бағалауға негізделген сапаны бақылау стратегияларымен танысты. Спикер «фармакопеялық сапа» мәртебесі белгіленген стандарттарды бұлжытпас орындауды талап ететінін, ал кез келген ауытқулар қатаң негізделуге және валидациялануға тиіс екенін атап өтті.
Іс-шара кең ауқымды кәсіби аудиторияның басын қосты. С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың профессор-оқытушылық құрамы, докторанттары, магистранттары мен студенттерімен қатар, шеберлік сыныбына фармацевтикалық компаниялардың өкілдері («Вива Фарм» ЖШС, «ФитОлеум» ЖШС және т.б.), басқа жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері (Бандунг технологиялық институты, Люблин медицина университеті, Астана медицина университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ботаника және фитоинтродукция институты және т.б.), сондай-ақ кәсіби іс-тәжірибеден өтіп жатқан Астана медицина университетінің студенттері белсенді түрде қатысты.
Осындай форматтағы іс-шараларды өткізу бейінді мамандардың құзыреттілік деңгейін арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және отандық фармацевтикалық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті өзекті реттеуші талаптарды терең түсінуге ықпал етеді.






