ҚазҰМУ-дың жетінші оқу корпусы толық жаңартылды
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің №7 оқу корпусында жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңарту оқу кабинеттері мен дәріс залдарын түгел қамтыды. Жөндеу барысында ғимараттың ішкі көрінісімен қатар, жарықтандыру, жылыту және желдету жүйелері де жаңарды.
Екінші, үшінші және бесінші қабаттардағы дәліздерде ескі шамдар мен радиаторлар ауыстырылып, қабырғалар заманауи материалдармен әрленді. Дәліздерді безендіруде түрлі түстер үйлестіріліп, жаңа дизайн қолданылды. Жарықтандыру мен жылыту жүйелерін жаңарту дәліздердің біркелкі жарықтануына және суық мезгілде жылы болуына жағдай жасайды. Осы жұмыстармен қатар екінші, төртінші және бесінші қабаттардағы оқу кабинеттері толық жөнделді.
№8 және №9 дәріс залдарында күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңа терезелер орнатылып, ауа алмасуын жақсарту үшін желдету жүйесі толық жаңартылды.
Корпус ішінде қажетті аудиторияны табуға енді электрондық ақпараттық таблолар көмектеседі. Әр оқу кабинеті мен дәріс залының кіреберісіне қойылған экрандар бұрынғы қағазға жазылған нөмірлердің орнын басты. Оларда аудитория нөмірімен бірге сабақ кестесі мен басқа да өзекті мәліметтер көрсетіледі. Студенттер мен оқытушылар сабақ өтетін аудитория мен оның кестесін сол жерден қарай алады.











































