ҚазҰМУ және Шэньси провинциясының денсаулық сақтау істері жөніндегі комитеті (ҚХР) медицина саласындағы стратегиялық серіктестік болашағын талқылады
2026 жылғы 25 маусымда ҚазҰМУ-да Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі, Жалпы медицина мектебі-2 мектептерінің және Халықаралық факультет декандарымен Шэньси провинциясының денсаулық сақтау істері жөніндегі комитеті делегациясының кездесуі өтті. Тараптар «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын талқылады.
Кездесу ҚазҰМУ Ректораты Кіші залында өтті. Қытай тарапынан делегацияны Шэньси провинциясының денсаулық сақтау істері жөніндегі комитет партия тобының мүшесі, провинцияның дәстүрлі қытай медицинасы басқармасының басшысы Лэй Инь басқарды. Делегация құрамына сонымен қатар Шэньси провинциясы мамандандырылған басқармаларының басшылары кірді.
ҚазҰМУ-ды Халықаралық факультеттің деканы Джардемалиева Нуржамал Женысовна, Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы Қожекенова Жанат Асетовна, Жалпы медицина-2 мектебінің деканы Шопаева Гүлжан Амангелдіқызы және Халықаралық ынтымақтастық басқармасының қызметкерлері өкілдеді.
Келіссөздер барысында тараптар өзара іс-қимылдың мынадай басым бағыттарын қарастырды:
- студенттер, магистранттар, докторанттар және оқытушылар арасындағы академиялық алмасу;
- қысқамерзімді тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру;
- докторанттарды бірлесіп ғылыми жетекшілік ету және сүйемелдеу;
- дәстүрлі қытай медицинасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту;
- бірлескен конференциялар, семинарлар және қонақ дәрістер өткізу;
- бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру.
«Шэньси провинциясы дәстүрлі қытай медицинасы саласында бай тәжірибеге ие және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында ҚазҰМУ-мен ынтымақтастықты дамытуға терең мүдделі.» — Лэй Инь, Шэньси провинциясы дәстүрлі қытай медицинасы басқармасының бастығы
Кездесудің маңызды нәтижесі ретінде ҚазҰМУ деканатына одан әрі серіктестікті нығайту мақсатында Шэньси провинциясына жауаптаса сапармен келу туралы шақыру жолданды.







