ҚазҰМУ-да Қазақстанның табиғи дәрілік өнімдерін зерттеу орталығын құру мәселесі талқыланды
2026 жылғы 26 маусымда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қытай ғылым академиясының Шыңжаң физика-химия институты мен Қазақстанның ғылыми қауымдастығы өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге ҚазҰМУ Басқарма төрағасы – Ректор Марат Шоранов, проректор Ильдар Фахрадиев, Фармация мектебінің өкілдері, Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаменті (СДжХЫД) басшысының міндетін атқарушы Меруерт Якупова мен Халықаралық ынтымақтастық басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ Қытай ғылым академиясының Шыңжаң физика-химия институтының қауымдастырылған профессоры, жаратылыстану ғылымдарының докторы Нұрболат Айдархан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Ерғазы Шыбырай және химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Саржан Шарипова қатысты.
Кездесуді ашқан ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов университеттің білім беру және ғылыми қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға дайын екенін атап өтті.
Өз сөзінде Нұрболат Айдархан Шыңжаң медицина университетінің ректорының тапсырмасымен келгенін айтып, екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар ол Қытай ғылым академиясының Шыңжаң физика-химия институтының дәрілік препараттарды әзірлеу, зерттеу және өндіріске енгізу бағытындағы қызметі туралы баяндады.
Кездесудің негізгі тақырыбы Ерғазы Шыбырай ұсынған «Қазақстанның табиғи дәрілік өнімдерін зерттеу орталығын» құру жобасы болды. Жоба Қазақстанның дәрілік өсімдіктерін, табиғи минералдары мен дәстүрлі медицинада қолданылатын табиғи ресурстарын кешенді зерттеуге, олардың негізінде қауіпсіз әрі тиімді дәрілік препараттар әзірлеуге бағытталған.
Жоба аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми журналдарда мақалалар жариялау, патенттер алу, Қытай ғылым академиясында ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру және ҚазҰМУ брендімен отандық өнім шығару туралы ұсыныстар талқыланды. Сонымен қатар жоба Қазақстанда өндірілетін табиғи дәрілік өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретіні жайлы қоса айтылды.
Саржан Шарипова қытайлық серіктестердің Қазақстанның дәрілік өсімдіктеріне және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, делегация бұған дейін Қазақстанның бірқатар жетекші жоғары оқу орындарымен жұмыс істеген және жобаның медициналық бағытын ескере отырып, ынтымақтастықты ҚазҰМУ базасында дамыту ұсынылған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, зерттеу тобын қалыптастыру және орталықты құрудың ұйымдастырушылық мәселелерін пысықтау бойынша жұмыс консультацияларын жалғастыруға келісті. Мұндай кездесулер ҚазҰМУ-дың халықаралық серіктестігін нығайтуға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және фармацевтика саласындағы инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді.








