Алматыда «Омыртқа энтезопатиялары: арқа ауруына жаңа көзқарас» ғылыми-практикалық семинары өтті
2026 жылғы 28 қыркүйекте Алматы қаласында С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасы мен Қазақстан Республикасы неврологтар қауымдастығының қолдауымен «Омыртқа энтезопатиялары: арқа ауруына жаңа көзқарас» атты ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шара ауырсыну синдромының себептерін заманауи тұрғыдан түсінуге, сондай-ақ диагностика мен емдеудің жаңа тәсілдеріне арналды.
Энтезопатиялар — сіңірлердің, байламдардың және басқа да дәнекер тін құрылымдарының сүйекке бекінетін жерлеріндегі патологиялық өзгерістер. Омыртқа аймағындағы мұндай өзгерістер арқа ауруының пайда болуымен немесе сақталуымен байланысты болуы мүмкін және мұқият клиникалық бағалауды әрі дифференциалды диагностиканы қажет етеді.
Іс-шараның модераторы — НургужаевЕркын Смагулович, медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы «Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ жүйке аурулары кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасы «Неврологтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті.
Спикер ретінде Искра Дмитрий Анатольевич, медицина ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің С.М. Киров атындағы Әскери-медициналық академиясы жүйке аурулары кафедрасының профессоры, «Солтүстік-Батыс ауырсынуды зерттеу қоғамы» өңірлік қоғамдық ұйымының президенті шақырылды.
Кездесу барысында омыртқа энтезопатиялары туралы заманауи түсініктер, ауырсынудың қалыптасу механизмдері, клиникалық диагностиканың ерекшеліктері және ауырсыну синдромдары бар пациенттерді жүргізу тәсілдері қарастырылды.
Іс-шараның білім беру форматына ерекше мән берілді: YouTube арнасындағы тікелей трансляция Қазақстанның барлық өңірлеріндегі медицина мамандарына кездесуге қосылуға мүмкіндік беріп, өзекті ғылыми ақпаратқа кең қолжетімділікті және кәсіби тәжірибе алмасуды қамтамасыз етті.
Іс-шара арқа ауруын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін медициналық практикаға енгізуге және дәрігерлердің үздіксіз кәсіби білімін дамытуға бағытталған тағы бір кәсіби алаңға айналды.
Білім беру семинары «Нобел» компаниясының ақпараттық қолдауымен өткізілді.







