ҚазҰМУ ғалымдары NutrIX 2026 халықаралық конференциясына қатысты
2026 жылғы 17–19 қыркүйек аралығында Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде тамақтану, денсаулық, жасанды интеллект және азық-түлік жүйелері саласындағы жетекші сарапшыларды біріктірген NutrIX 2026 халықаралық конференциясы өтті.
Конференция жұмысына С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің академик Т. Шарманов атындағы Нутрициология кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Беисбекова А.Қ. және Қожахметова А.Н. қатысып, өздерінің ғылыми зерттеу нәтижелерін постерлік баяндамалар форматында ұсынды.
Конференция аясындағы жетекші шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен ғылыми және нетворкинг-сессиялар ерекше қызығушылық тудырды. Сессиялар барысында тамақтану ғылымында жасанды интеллектіні қолдану, дәм сезу генетикасы, нутригенетика және нутригеномика, сондай-ақ тамақтану мен денсаулық арасындағы өзара байланысты зерттеудің заманауи және инновациялық тәсілдері талқыланды.
Конференция Қазақстанның жетекші мамандары мен әлемнің беделді университеттері және ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдарын біріктірген ауқымды халықаралық ғылыми алаңға айналды. Олардың қатарында University of Washington, Institute for Health Metrics and Evaluation (IHME), University of North Carolina at Chapel Hill, National University of Singapore, Nanyang Technological University, University of Dundee, University of Catania және Northwestern University өкілдері болды.
Конференцияның ғылыми бағдарламасы нутригенетика мен нутригеномика, популяциялық тамақтану және оның мониторингі, тамақтануға байланысты қауіп-қатерлерді бағалау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні тамақтануды зерттеуде тиімді пайдалану, сондай-ақ кардиоренометаболизмдік аурулардың алдын алу мен емдеудің дәлелді тәсілдері секілді өзекті бағыттарды қамтыды.
NutrIX 2026 конференциясына қатысу әлемдік деңгейдегі заманауи ғылыми зерттеулермен танысуға, кәсіби тәжірибе алмасуға, сондай-ақ нутрициология және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық академиялық және ғылыми байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.












