ҚазҰМУ Ұлы Отан соғысының ардагері Зұлқарнай Сейітовке арнайы барып, құрмет көрсетті
Майдан жолынан Берлинге дейін жеткен Зұлқарнай Сейітов соғыстан кейінгі өмірін ғылым мен ұстаздыққа арнады. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ҚазҰМУ өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагеріне арнайы барып, құрмет көрсетті. Зұлхарнай Сейітовтің өмір жолы ел тарихымен тығыз байланысты.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің өкілдері игі дәстүрге сай Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті ғалым әрі ұстаз Зұлқарнай Сейітовке арнайы барып, құрмет көрсетті.
ҚазҰМУ үшін бұл кездесудің мәні ерекше. Зұлқарнай Сейітов майдан жолын Берлинге дейін жалғаған ардагер, ұзақ жылдарын ғылым мен ұстаздыққа арнаған тұлға. Оның өмір жолы елге қызмет етудің, табандылық пен адамгершіліктің үлгісі.
«Ел тарихының куәсі болған ардагерлерге құрмет көрсету ҚазҰМУ үшін үлкен мәртебе. Зұлқарнай Сейітов майданнан өтіп, кейінгі өмірін ғылым мен жас мамандарды тәрбиелеуге арнаған тұлға. Оның білім мен медицина саласына сіңірген еңбегі университетіміз үшін де, ел үшін де аса құнды», – деді С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Зұлқарнай Сейітов 1922 жылы Омбы облысындағы Жаңа Қыпшақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылы 9-сыныпты аяқтаған соң, өз еркімен майданға аттанады. Майданға жіберілер алдында әскери дайындықтан өтіп, танкке қарсы күрес тәсілдерін меңгерді, қарумен жұмыс істеуді үйренді және із кесетін иттермен қызмет атқарды. Кейін Ленинград пен Сталинградты азат ету шайқастарына қатысып, әскердің алға жылжуына жол ашу үшін миналанған жолдарды тазартты. Соғысты Берлинде аяқтады.
Зұлқарнай Сейітов Жеңіс күнін ерекше толғаныспен еске алады. Ол Жеңіс хабарын Берлинде, Қызыл әскер сарбазы ретінде қарсы алған.
«1945 жылдың 30 сәуірінде біз Берлинде болдық. Түске дейін ауыр шайқастар жүрді. Кейін Германияның тізе бүккені хабарланды. Соғыстың аяқталғанын естіген сәттегі қуанышымызды сөзбен жеткізу қиын. Бір-бірімізді құшақтап, қуанып, құттықтап жаттық, – деп еске алады ардагер.
Соғыстан кейін Зұлқарнай Сейітов оқуын жалғастырып, Омбы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Кейін өмірін ғылым мен ұстаздыққа арнады. Аграрлық және медициналық жоғары оқу орындарында қызмет атқарып, ҚазҰМУ-да ұзақ жылдар бойы биохимия пәнінен дәріс оқыды. Тіпті 96 жасында да студенттерге лекция оқуды жалғастырған.
Зұлқарнай Сейітов – биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, 150-ден астам ғылыми еңбек пен монографияның, сондай-ақ 10 оқу құралының авторы. Ол отандық ғылым мен медициналық білімнің дамуына зор үлес қосты.
Зұлқарнай Сейітовтің жауынгерлік марапаттарының қатарында Қызыл Жұлдыз ордені, II дәрежелі Отан соғысы ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Ерлігі үшін» медальдары бар. Бұл марапаттар майдан жылдарының, жауынгерлік достықтың және Ұлы Жеңістің қандай қиындықпен келгенінің белгісі.
Бүгінде Зұлқарнай Сейітов 104 жасқа қараған шағында. Университет үшін ол ерлік пен табандылықтың, елге адал қызмет етудің және ұрпақтар сабақтастығының символы. Мамыр мерекелері қарсаңында ардагерге арнайы барып, құрмет көрсету ҚазҰМУ-дың тағылымды дәстүріне айналған.
ҚазҰМУ ұжымы Зұлқарнай Сейітовті келе жатқан мерекелермен құттықтап, майдандағы ерлігі, ғылым мен білім саласындағы көпжылдық еңбегі және болашақ дәрігерлерді даярлауға қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдіреді.
Зұлқарнай Сейітовтің өмір жолы – майдандағы ерліктің, бейбіт күндегі адал еңбектің және елге қалтқысыз қызмет етудің үлгісі.







