Жаңалық ауылында Санжар Асфендияровтың 137 жылдығына орай еске алу рәсімі өтті
20 қазанда Алматы облысының Жаңалық ауылында көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, отандық жоғары білім мен денсаулық сақтау ісінің негізін қалаушылардың бірі Санжар Асфендияровтың 137 жылдығына орай еске алу рәсімі өтті. Университет өкілдері Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аумағында қайраткер жерленген орынға 2024 жылы орнатылған мемориалға гүл қойып, рухына тағзым етті.
Еске алу рәсіміне Санжар Асфендияров негізін қалаған екі университеттің басшылары, оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері қатысты. С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің делегациясын ректор Марат Шоранов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің делегациясын ректор Болат Тілеп бастап келді.
Рәсім Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аумағында өтті. Мұнда Санжар Асфендияров жерленген орынға 2024 жылы мемориал орнатылған. Жиында қайраткердің өмір жолы мен отандық білім және медицина саласына сіңірген еңбегі сөз болды.
Санжар Асфендияров қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына атсалысып, елдің болашағы үшін жауапкершілік алған зиялылардың қатарында болды. Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери-медицина академиясында білім алған ол Түркістанда денсаулық сақтау ісін дамытуға, індеттермен күресуге және халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға еңбек сіңірді.
1928 жылы Асфендияров Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнын, қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-ды басқарды. Ал 1930 жылы бүгінгі ҚазҰМУ-дың негізі болған Қазақ мемлекеттік медицина институтының алғашқы басшысы болды. Білім мен денсаулық сақтау ісін ұйымдастырумен қатар, қазақ халқының тарихын зерттеп, осы бағыттағы ғылыми ізденістерге негіз қалады.
Алайда қайраткердің өмірі сталиндік қуғын-сүргін кезінде қиылды. 1938 жылы Санжар Асфендияров атылды. Елге берері мол шағында қаза тапқанымен, оның қатысуымен құрылған университеттер жұмысын жалғастырып, бірнеше буын маман тәрбиеледі.
Мемориал басында сөз сөйлеген ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов Санжар Асфендияровтың қос университеттің қалыптасуына, елдің дамуына сіңірген еңбегіне тоқталды.
«Әр дәуірдің өз тұлғалары бар. Солардың ішінде заманынан озып, тұтас халықтың болашағын айқындаған қайраткерлердің орны ерекше. Санжар Асфендияров сондай тұлға еді», – деді Марат Шоранов.
Ректор университет ұжымы мен студенттерді Асфендияровтың кәсіби адалдығы мен адамгершілік қасиеттерін үлгі тұтып, оның ісін жалғастыруға шақырды.
«Адамның өмірін қиюға болады, бірақ оның мұрасын жойып, есімін халық жадынан өшіру мүмкін емес. Жаңалыққа келгенде осыны терең сезінеміз. Біздің парызымыз оның есіміне лайық болу, бастаған ісін жалғастыру, білімді, адал, еліне берілген ұрпақ тәрбиелеу», – деді ректор.
ҚазҰМУ-да ұстаздарды, ғылыми мектептердің негізін қалаған ғалымдарды, отандық медицинаға еңбек сіңірген аға буын өкілдерін құрметтеу дәстүрі қалыптасқан. Студенттер университеттің тарихын оның іргесін қалаған, осында дәріс оқып, ғылымды дамытқан тұлғалардың өмірі мен еңбегі арқылы танып-біледі. Университет басшылығы мен оқытушылардың жастармен бірге мемориалға келуі де осы дәстүрдің жалғасы болды.
Абай атындағы ҚазҰПУ өкілдерімен бірлескен тағзым екі университетке ортақ тарихты еске салды. Санжар Асфендияров негізін қалаған қос оқу орны бүгінде оның ісін жалғастырып, елге қажетті мамандар даярлап келеді.
Рәсім барысында Санжар Асфендияровпен бірге саяси қуғын-сүргін құрбандары да еске алынды. Ұстаздарымен бірге келген жастар мыңдаған қазақстандықтың білім алуына, ғылыммен айналысуына, еліне қызмет етуіне жол ашқан қайраткердің өмірі мен еңбегімен жақынырақ танысты.




























































