Жұлын бұлшықет атрофиясы бойынша халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламасы Рим қаласындағы Gemelli Hospital клиникасында өтті
2026 жылғы 3–4 қыркүйекте Рим қаласында жұлын бұлшықет атрофиясы (ЖБА) бойынша клиникалық тәжірибе алмасуға арналған халықаралық бағдарлама – Rome SMA Peer-to-Peer Exchange 2026, Gemelli Hospital өтті.
Жұлын бұлшықет атрофиясы (ЖБА) – елеулі медициналық және әлеуметтік мәселе болып табылатын үдемелі тұқым қуалайтын ауру. Аурудың үдеуіне байланысты бұлшықет әлсіздігі мен қимыл-қозғалыс бұзылыстары дамып, науқастың өздігінен жүру қабілетін жоғалтуына және тәуелсіздігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
ЖБА-мен ауыратын пациенттерді жүргізудің заманауи тәсілі ауруды ерте диагностикалауды, терапияны уақтылы бастауды, кешенді медициналық сүйемелдеуді және пациенттің жағдайын тұрақты мониторингілеуді талап етеді. Осыған байланысты клиникалық тәжірибе алмасу және заманауи тәсілдерді мамандардың практикалық қызметіне енгізу ерекше маңызға ие.
Халықаралық бағдарламаның мақсаты ЖБА-ны диагностикалау және пациенттерді кешенді жүргізу саласындағы медицина мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ ауруды емдеу мен ұзақ мерзімді мониторингілеудің заманауи тәсілдерін қолдану тәжірибесімен алмасу болды.
Іс-шара Рим қаласындағы ірі көпсалалы медициналық орталық – Агостино Джемелли университеттік клиникасының (Fondazione Policlinico Universitario Agostino Gemelli IRCCS) базасында өтті. Клиника 1575 төсек-орынға есептелген және Италия мен Еуропадағы ең ірі университеттік клиникалардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, ол Қасиетті Жүрек Католик университетінің (Università Cattolica del Sacro Cuore) медицина факультетінің клиникалық базасы болып саналады.
Клиника құрылымында жүйке-бұлшықет аурулары бар пациенттерді диагностикалау, емдеу және кешенді сүйемелдеумен айналысатын мамандандырылған NEMO орталығы (NEuroMuscular Omnicentre) жұмыс істейді. Орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі жұлын бұлшықет атрофиясы, амиотрофиялық бүйірлік склероз (АБС) және бұлшықет дистрофияларының әртүрлі түрлері бар пациенттерді жүргізу болып табылады.
Тәжірибе алмасу бағдарламасы Prof. Eugenio Mercuri жетекшілігімен жүйке-бұлшықет аурулары саласындағы жетекші мамандардың қатысуымен өтті: Prof. Marika Pane, Dr. Danilo Tiziano, Dr. Federica Trucco, Dr. Roberta Onesimo, Dr. Beatrice Berti, Lavinia Fanelli, Dr. Luca Labianca, Dr. Marco Piastra және басқа да сарапшылар.
Халықаралық бағдарламаға әртүрлі елдердің мамандары қатысты. Қазақстан атынан МУА неврология кафедрасының меңгерушісі, профессор Есжанова Л.Е. және ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының профессоры Мухамбетова Г.А. қатысып, кәсіби диалогқа, клиникалық жағдайларды талқылауға және шетелдік әріптестермен практикалық тәжірибе алмасуға атсалысты.
Бағдарлама аясында ЖБА-мен ауыратын пациенттерді кешенді жүргізудің заманауи жүйесінің негізгі аспектілері, оның ішінде мультидисциплинарлық команданың жұмысын ұйымдастыру, мамандардың рөлі мен жауапкершілігін бөлу және командалық өзара іс-қимылдың тиімді қағидаттары қарастырылды.
Ауруды ерте анықтаудың және терапияны уақтылы бастаудың маңызды құралы ретінде ЖБА-ға неонаталдық скринингке ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, қатысушылар нутритивтік статусты, жұту және тыныс алу функцияларын бағалау мен мониторингілеудің заманауи тәсілдерін, ортопедиялық асқынулардың алдын алу және түзету мәселелерін, физиотерапия мен оңалтуды, сондай-ақ пациенттердің әлеуметтік белсенділігі мен өмір сүру сапасын қолдауды талқылады.
Қазақстандық мамандардың халықаралық бағдарламаға қатысуы кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге, практикалық біліммен алмасуға және ЖБА-мен ауыратын пациенттерді кешенді жүргізудің халықаралық тәжірибесін зерделеуге маңызды мүмкіндік болды. Алынған білім мен тәжірибе Қазақстанда ЖБА-ны диагностикалау, емдеу, оңалту және пациенттерді ұзақ мерзімді сүйемелдеудің заманауи тәсілдерін одан әрі дамытуға ықпал етуі мүмкін.







