Профессор Plinio Cirillo ҚазҰМУ-да кардиология мен цифрлық медицинадағы заманауи тәсілдерді таныстырды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасында Италиядан шақырылған профессор — Plinio Cirillo — сапарын жалғастыруда. Сапардың үшінші күні заманауи кардиологияның өзекті мәселелеріне, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуға және инновациялық технологияларды клиникалық тәжірибеге енгізуге арналды. Дәрістерге қалалық емдеу-профилактикалық мекемелердің дәрігерлері, ішкі аурулар кафедрасының оқытушылары, резиденттер, жас мамандар және ҚазҰМУ білім алушылары қатысты. Тыңдаушылар қоршаған орта факторлары мен цифрлық технологиялардың жүрек-қантамыр жүйесіне әсеріне ерекше қызығушылық танытты. Дәріс барысында профессор белсенді және пассивті темекі шегудің, сондай-ақ электронды сигареттердің атеросклероз, эндотелий дисфункциясы, тромбоз, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы және созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің дамуына әсері туралы Еуропалық кардиологтар қоғамының (ESC) заманауи деректерін ұсынды.
Никотин құрамды өнімдердің уытты әсеріне, тамыр қабырғасының қабыну механизмдеріне және жастар арасындағы жүрек-қантамыр қауіптерінің артуына ерекше назар аударылды. Дәріс кардиологиядағы жасанды интеллект мүмкіндіктеріне арналды: ЭКГ мен эхокардиографияны талдау, жүрек-қантамыр асқынуларын болжау, емдеудің жекелендірілген тәсілдері және цифрлық медицинаның болашағы талқыланды.
Профессор жасанды интеллект технологиялары ерте диагностика сапасын жақсартып, қауіп-қатерді стратификациялауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін қазіргі кардиологияның маңызды даму бағыттарының бірі екенін атап өтті. Дәрістер үлкен қызығушылық тудырып, ESC заманауи ұсынымдарын тәжірибеде қолдану және цифрлық технологиялар дәуіріндегі кардиологияның болашағы жөніндегі белсенді пікірталастармен жалғасты. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасына жасаған сапары аясында профессор Plinio Cirillo Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі стационарында ем қабылдап жатқан ауыр коморбидті науқастарға консультациялар жүргізді.
Клиникалық талқылауларға госпиталь дәрігерлері, ішкі аурулар кафедрасының қызметкерлері, резиденттер және жас мамандар қатысты. Бірлескен талдау барысында күрделі диагностикалық жағдайлар, жүрек-қантамыр қауіпін стратификациялаудың заманауи тәсілдері, қосарланған патологиясы бар науқастарды жүргізу ерекшеліктері және жекелендірілген терапия қағидалары қарастырылды.Заманауи диагностикалық мүмкіндіктерге, аспаптық және зертханалық зерттеулер нәтижелерін интерпретациялауға, сондай-ақ Еуропалық кардиологтар қоғамының (ESC) өзекті клиникалық ұсынымдарына сәйкес тиімді емдеу тактикасын таңдауға ерекше назар аударылды. Консультациялар мен клиникалық талқылаулар жоғары кәсіби деңгейде өтіп, халықаралық клиникалық тәжірибе алмасуға, дәрігерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және ауыр коморбидті патологиясы бар науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жетілдіруге маңызды мүмкіндік болды.


