ҚазҰМУ-да «Халықтық Конституция – Қазақстан дамуының жаңа кезеңі» атты кездесу өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған «Халықтық Конституция – Қазақстан дамуының жаңа кезеңі» атты ақпараттық-ағартушылық кездесу өтті.
Іс-шараға Басқарма мүшелері, құрылымдық бөлімше басшылары, мектептер мен факультеттердің декандары, кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушылар құрамы және университет қызметкерлері қатысты. Кездесудің мақсаты – жаңартылған Ата Заңның құқықтық мәдениетті нығайтудағы және жалпыұлттық құндылықтарды орнықтырудағы рөлін жан-жақты түсіндіру.
Жиынды ашқан С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Қайдарова жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің бастамасы екенін атап өтті.
– Құрметті әріптестер! Баршаңызды еліміздің жаңа Конституциясының күшіне енуі сияқты тарихи маңызы зор оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Бірінші шілдеден бастап егемен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталды. Еліміз саяси және экономикалық реформалардың, ауқымды жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл күн мемлекеттік басқару жүйесінің, азаматтық қоғам институттарының жаңаруын білдіреді. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы мемлекетіміздің алдағы ондаған жылдарға арналған даму бағытын айқындайтын тарихи таңдау жасады. Бұл шешім ел шежіресінде халқымыздың жоғары азаматтық жауапкершілігі мен отансүйгіштігінің жарқын көрінісі ретінде сақталады, – деді Диляра Радикқызы.
Сонымен қатар бірінші проректор Конституция күні енді Наурызнама онкүндігінің басталуымен сабақтасуының ерекше символдық мәні бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл күн көктемгі жаңару дәстүрлерін жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарымен, азаматтық ынтымақпен, білімге ұмтылумен және ел игілігі жолындағы адал еңбекпен үйлестіретін маңызды мереке.
Кездесу ашық диалог және сарапшылық дәріс форматында өтті. Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы Жанат Кожекенова медициналық білім беру жүйесіндегі құндылықтар мен кәсіби этика мәселелеріне тоқталып, болашақ медицина мамандарының қоғам алдындағы жауапкершілігінің маңызын атап өтті.
Медициналық құқық кафедрасының оқытушысы, отставкадағы судья және Қазақстан Республикасы Заңгерлер алқасының мүшесі Жігер Батырбек конституциялық реформалардың құқықтық қырларына жан-жақты тоқталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері, сондай-ақ олардың міндеттері туралы баяндады.
Ал білім алушылар омбудсмені, ректордың жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі Солтанай Жәнібек жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мәселелеріне назар аударды.
Кездесу соңында қатысушылар сұрақ-жауап форматында пікір алмасты. Талқылау барысында Конституция қағидаттарын университеттің білім беру және ғылыми қызметіне енгізудің практикалық тетіктері қарастырылып, заң үстемдігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және академиялық ортада жоғары азаматтық мәдениетті қалыптастыру әрбір қызметкердің ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді.
























