ҚазҰМУ-да 2026 жылғы Тамыз конференциясы басталды
Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде профессор-оқытушылар құрамының дәстүрлі Тамыз конференциясы басталды. Биылғы конференция «Медициналық білім берудің болашағы: сапа, инновациялар, цифрлық трансформация және профессор-оқытушылар құрамын дамыту» тақырыбына арналды.
Стратегиялық сессияны ашқан ҚазҰМУ Басқарма төрағасы – ректор Марат Шоранов университеттің 2026–2027 оқу жылына арналған негізгі даму бағыттарын таныстырды. Басты міндет – білім беру, ғылым, клиникалық даярлық пен тәрбие жұмысын ортақ сапа талаптары мен заманауи цифрлық шешімдер негізінде дамытатын біртұтас университеттік экожүйе қалыптастыру.
Академиялық қызметтің қорытындылары туралы проректор Жанна Калматаева баяндады. Жаңа оқу жылында білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға, оқу үдерісін жетілдіруге және оқытушылар қызметін білім алушылардың нақты оқу нәтижелері негізінде бағалауға басымдық беріледі.
Ғылыми дамудың басым бағыттарын проректор Ильдар Фахрадиев таныстырды. Жарияланымдардың сапасын арттыру, сыртқы қаржыландыру көздерін тарту, патенттеу мен технологиялар трансферін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми кадрлар даярлау және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану негізгі міндеттер ретінде белгіленді.
Проректор Светлана Сұлтанғазиева білім беру-клиникалық консорциум моделін ұсынды. Бұл модель клиникалық тәлімгерлікті күшейтуге, оқу жүктемесін тиімді бөлуге және университет пен клиникалық базалар арасындағы жүйелі байланысты жолға қоюға мүмкіндік береді.
Тәрбие жұмысының негізгі бағыттарына проректор Убайдулла Датхаев тоқталды. Болашақ дәрігердің кәсіби даярлығы жауапкершілікпен, азаматтық ұстаныммен, академиялық адалдықпен және қоғамдық белсенділікпен ұштасатын университеттік орта қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Конференцияның алғашқы күніндегі практикалық бөлім 18 апталық оқу форматына көшу, Platonus жүйесі мен Виртуалды офисті дамыту, жасанды интеллектіні оқыту үдерісіне енгізу, педагогикалық жүктемені цифрлық форматта есептеу, білім беру бағдарламаларын өзектендіру және академиялық құжаттармен жұмыс істеудің бірыңғай талаптарын қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Алғашқы күннің қорытындысы бойынша жаңа оқу жылында медициналық білім сапасын арттыруға, ғылым мен клиникалық даярлықты дамытуға, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге және оқытушылардың кәсіби өсуіне басымдық берілетіні айқындалды.








































