ҚазҰМУ мен Bhawanipur Global Campus (Үндістан) арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту
2026 жылғы 8–9 қазанда Үндістанның Колката қаласында өткен iNATCONPH26 «From Discovery to Well–being: A Holistic Vision for Global Health» атты 16-халықаралық конференция аясында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (ҚазҰМУ) мен Bhawanipur Global Campus арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумды ресми түрде табыстау рәсімі өтті.
ҚазҰМУ Дата-орталығының басшысы, PhD, қауымдастырылған профессор Дариға Сансызбайқызы Смаилова конференцияның пленарлық отырысында негізгі баяндамашы ретінде қатысып, «Evidence–based Strategy for Primary Health Care» («Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытудағы дәлелді стратегия») тақырыбында баяндама жасады.
Конференцияның екінші күні Қазақстанның жас ғалымдарына арналған арнайы сессия ұйымдастырылды. Дариға Сансызбайқызы аталған сессияның модераторы ретінде сөз сөйлеп, қазақстандық жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін таныстыруға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға үлес қосты. Үндістанға іссапарға байланысты барлық шығындарды қабылдаушы тарап өтеді.
Бұл сапар PhD, қауымдастырылған профессор Дариға Сансызбайқызы мен қауымдастырылған профессор, Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының меңгерушісі Dr. Reeti Debnath арасындағы сегіз жылдан бері жалғасып келе жатқан ғылыми ынтымақтастықты дамытудың кезекті кезеңі болды.
Сапар аясында Bhawanipur Global Campus кампусына барып, оның инфрақұрылымымен, білім беру мүмкіндіктерімен және ғылыми-техникалық базасымен танысу ұйымдастырылды. Деректерді өңдеу және талдау зертханасының (Data Lab) қызметіне ерекше қызығушылық танытылды. Зертханада IBM SPSS лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуіне, сондай-ақ Java, Python және басқа да бағдарламалау мен деректерді талдау құралдарына қолжетімділік бар.
Bhawanipur Global Campus тарапынан Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жұмыс тобы құрылды. Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу айқындалды. Сонымен қатар Үндістан мамандарының «Қоғамдық денсаулық сақтау» бағыты бойынша PhD докторантура бағдарламаларына түсу мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстан мен Үндістаннан ғылыми консультанттар тарту мәселелері талқыланды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар академиялық ұтқырлықты одан әрі дамытуға, ғылыми кадрларды бірлесіп даярлауға, тәжірибе алмасуға және халықаралық білім беру мен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға негіз қалайды.
Тараптар серіктестік қатынастарды нығайтуға мүдделілік білдіріп, ҚазҰМУ мен Bhawanipur Global Campus арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына сенім білдіреді.






