ҚазҰМУ университеттің ғылыми зерттеулері туралы материалдар сериясын бастайды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті iesResearch компаниясымен бірлесіп, Университеттің ғылыми зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған ақпараттық материалдар сериясын бастайды.
Жобаның мақсаты – ҚазҰМУ зерттеулерінің халықаралық танымалдығын арттыру, олардың шетелдік ғалымдар, кәсіби қауымдастықтар, бейінді бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуетті серіктестер арасында кеңінен таныстырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа ғылыми ынтымақтастықтар мен халықаралық коллаборацияларды дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасау.
Серияның алғашқы шығарылымы Қазақстандағы инфекциялық емес ауруларға арналған – “Kazakhstan’s NCD Landscape Through National Evidence: Linking Mortality, Avoidable Deaths, and Risk Behaviors”.
Материалдың негізіне ҚазҰМУ ғалымдарының қатысуымен жүргізілген сегіз популяциялық зерттеудің нәтижелері алынған.
Зерттеулер өлім-жітім және оның алдын алуға болатын себептері туралы ұлттық деректерді негізгі метаболикалық және мінез-құлықтық қауіп факторларын бағалаумен ұштастырады. Негізгі назар жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйесі ауруларына, гиперхолестеринемияға, созылмалы бүйрек ауруына, темекі мен алкоголь тұтынуға, сондай-ақ халықтың дене белсенділігіне аударылған.
Кешенді талдау қауіп факторлары, халық денсаулығының жай-күйі мен өлім-жітім көрсеткіштері арасындағы өзара байланысты бағалауға, сондай-ақ профилактиканың, ауруларды ерте анықтаудың және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігінің маңызын айқындауға мүмкіндік береді.
Бейнематериалда ҚазҰМУ зерттеушілері ғылыми жұмыстардың негізгі нәтижелерін таныстырып, ұлттық деректердің инфекциялық емес аурулар ауыртпалығын бағалаудағы және олардың алдын алу тәсілдерін жетілдірудегі маңызын ашады.
Алғашқы шығарылым ҚазҰМУ ғалымдарының зерттеу нәтижелерін халықаралық кәсіби және академиялық қауымдастыққа жүйелі түрде таныстыратын материалдар сериясының бастамасы болып табылады.


