Ұстазға құрмет: ҚазҰМУ оқытушылары мен ардагерлеріне алғыс айтылды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Ұстаздар күні мен Қарттар күніне арналған дәстүрлі «Ұстаздарға мың алғыс» мерекелік іс-шарасы өтті. Басқосуға өмірін шәкірт тәрбиелеуге, дәрігер даярлауға арнаған ұстаздар, ғалымдар мен медицина саласының ардагерлері жиналды.
Мереке «Ұстазыма» ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Оған ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов, профессор-оқытушылар құрамы, ардагерлер мен студенттер қатысты. Университетке еңбегі сіңген аға буын өкілдері мен денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне арнап мерекелік дастарқан жайылды. Іс-шара Concordia театрындағы салтанатты концертке ұласып, ардагерлер мен үздік оқытушыларға марапаттар және естелік сыйлықтар табысталды.
Университет ұжымын құттықтаған ректор Марат Шоранов жас дәрігердің маман болып қалыптасуында ұстаздың еңбегі айрықша екенін атап өтті. Ол отандық медицинаның ертеңі бүгін шәкіртке берілетін білім мен тәрбиеге байланысты екенін айтты.
«Қазақстан медицинасында алғаш қолға алынған істер мен тың жаңалықтар университетіміздің есімімен, оның ғылыми мектептерімен тікелей байланысты. Ал ҚазҰМУ-дың басты байлығы – осында еңбек етіп жүрген адамдар. Медицинада ұстаз болу парасат пен сабырды, қоғам алдындағы зор жауапкершілікті талап етеді. Бүгін ұрпақтар сабақтастығы туралы айта отырып, барша тәлімгерлерімізге ерекше алғыс білдіргім келеді. Ұстаз еңбегі білімнің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына жол ашады. Кезінде ұстаздарымыз бізге үйреткенін бүгінде біз жас әріптестерімізге үйретіп жүрміз. Ертең олар да өзінен кейінгі дәрігерлер буынына білімі мен тәжірибесін табыстайды», деді Марат Шоранов.
«Ұстаздарға мың алғыс» мерекесі ұстаз бен шәкірттің басын қосып, аға буынның еңбегіне құрмет көрсетуге арналды. ҚазҰМУ-да қалыптасқан тәлімгерлік дәстүрі осы сабақтастық арқылы жалғасып келеді. Ұстаздардың көп жылғы тәжірибесі мен бүгінгі медициналық білім мен ғылымның жетістіктері дәрігерлердің жаңа буынын даярлауға негіз болып отыр.





































