ҚазҰМУ-да «Ашық есіктер күні» өтті
2017 жылдың 7 желтоқсанында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Ашық есіктер күні» өтті.
Қабылдау, кәсіби бағдар беру, студенттерді дамыту және бітірушілерді жұмыспен қамту басқармасы іс-шараға шақыру хаттарын Алматы қаласының 8 ауданының жалпы білім беру мектептеріне, соның ішінде Алматы қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, ҚеАҚ «Республикалық физика-математика мектебі», Алматы қаласының Мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты, Алматы қазақ-түрік қыздар лицейі, химия және биология пәндерін тереңдетіп оқытатын №161 және №134 лицейлеріне жіберді. Сонымен қатар, «Ашық есіктер күні» туралы хабарландыру университет сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланды.
Аталған іс-шараның мақсаты – жалпы білім беретін мектептердің бітіруші сынып оқушыларына мамандықты таңдауына көмек көрсету, Университет туралы, факультеттер мен мамандықтар туралы толық ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
ҚазҰМУ «Ашық есіктер күніне» 250-ге жуық қонақ келді, соның ішінде медициналық ЖОО-на мақсатты дайындалып жүрген мектептің бітіруші сынып оқушылары, олардың ата-аналары мен ЖББМ ұстаздары болды. Іс-шара қонақтарын тіркеу орнында оларға Университет туралы ақпараттық материалдар таратылды, Даңқ Залындағы кәсіби бағдар беру сағатына дейінгі уақытта ҚазҰМУ туралы бейнефильм көрсетілді. «Ашық есіктер күні» іс-шарасына келуші қонақтармен Қабылдау, кәсіби бағдар беру, студенттерді дамыту және бітірушілерді жұмыспен қамту басқармасының жетекшісі Кусаинова Асель Туяковна кіріспе таныстыру сұхбатын жүргізді.
Кездесуді стратегиялық және корпоративті даму бойынша проректор, фармация ғылымдарының докторы, профессор Датхаев Убайдилла Махамбетұлы ашты. Проректор өз сөзінде қонақтарға ҚР жетекші медициналық ЖОО тарихы туралы ақпарат берді, болашақ талапкерлерге оқуға қабылдау емтихандарын сәтті тапсыруларына тілек білдірді.
Медицина ғылымдарының докторы, «Жалпы медицина» мектебінің деканы Шопаева Гүлжан Амангелдіқызы келушілерге факультет туралы ақпарат ұсынды. Декан 2017 жылы «Педиатрия» мамандығына мемлекеттік білім беру гранты бойынша 180 бірінші курс білім алушыларын оқуға қабылданғандығын атап өтті.
«Стоматология» мектебі және стоматолог мамандығының ерекшеліктері туралы медицина ғылымдарының кандидаты, декан Амантаев Баканай Амантайұлы баяндап берді.
Медицина ғылымдарының кандидаты, «Х. Досмұхамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау» мектебінің деканы Давлетов Қайрат Қырғызбайұлы факультет туралы және азаматтардың денсаулығын сақтау мен аурулардың алдын алуда қызмет ететін мамандарды дайындау маңыздылығы туралы баяндама жасады.
«Фармация» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандықтары туралы ақпаратты фармацевтикалық ғылымдар докторы, «Фармация» мектебінің деканы Сакипова Зуриядда Бектемірқызы жеткізді.
Медицина ғылымдарының кандидаты, декан Джардемалиева Нұржамал Жеңісқызы 2016 жылы Халықаралық медицина факультетінің ашылғандығы туралы, оның Назарбаев университетімен серіктестігі және студенттерді оқуға қабылдауда қойылатын талаптармен таныстырды.
Университет қабылдау комиссиясының өкілі «Информатика» кафедрасының «Биофизика» курсының оқытушысы Нуртаева Галия Кадырхановна С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға құжат тапсыру және түсу ережелері туралы мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар, болашақ талапкерлермен кездесуге университеттің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, «Балалар аурулары» кафедрасының доценті Құрманбекова Сауле Қаспаққызы да қатысты.
Шетел студенттерімен жұмыс бойынша бөлім жетекшісі Малаева Индира Естайбековна іс-шара қонақтарына Университеттің дайындық курстарының мерзімдері, бағасы және қабылдау құжаттарының тізімі туралы айтып берді.
Мектеп және факультет декандарының баяндамаларынан кейін, мектеп оқушылары мен ата-аналарына университет өкілдерімен интерактивті сұхбаттасуына мүмкіндік берілді. Балалар өздерін толғандыратын сұрақтарды белсенді түрде қойып, сұрақтарына Университет қабылдау комиссиясының өкілдерінен, мектеп және факультет декандарынан, дайындық курстары туралы ақпарат берген баяндамашыдан білікті, әрі толыққанды жауаптар алды.
Даңқ Залында «Ашық есіктер күнінің» бағдарламасы аяқталған соң, қонақтарға белсенді студенттердің жетекшілігімен Университет аумағы бойынша саяхат ұйымдастырылды. Саяхат бағытына университетіміздің мақтанышы – ҚазҰМУ тарихи мұражайы, Анатомиялық мұражай және Тәжірибелік дағдылар орталығы, сонымен қатар Университеттің ескерткіштері мен аллеялары енді. Тарихи мұражайдың жетекшісі А.С.Саятова қонақтарға медицинаның даму тарихы, университеттің алғашқы ректоры, ҚазҰМУ студенттері – ҰОС батырлары туралы баяндап берді. Анатомиялық мұражайды «Қалыпты анатомия» кафедрасының доценті Б.Ш. Шакенов таныстырып, балаларға салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы әңгімелеп берді. Тәжірибелік дағдылар орталығына саяхат мектеп бітірушілерін зор қуанышқа бөледі. Орталық қызметкерлері оқушыларға студенттердің муляждарды, фантомдарды, адам ағзасын ұқсататын тренажерлар мен интерактивті манекендерді қолдана отырып, өз қимылдарын автоматты дағдыларға дейін қалай жеткізетіндігін түсіндірдіп берді. Оқушылар ТДО қызметкерлерін қызығушылықпен тыңдады, олардың біразы интерактивті манекенде зардап шегушіге алғашқы көмек көрсету дағдыларын орындап көруге мүмкіндік алды, кейбіреулері манекендерде жүрек пен өкпе аускультациясын жасап көрді.
Қабылдау, кәсіби бағдар беру, студенттерді дамыту және бітірушілерді жұмыспен қамту басқармасы «Ашық есіктер күні» іс-шарасына келушілерге арнап кері байланыс сауалнамасын дайындап, қонақтар арасында сауалнама сұрақтарына жауап алды.
Университет мектептері мен факультеттері туралы көбірек ақпарат алғысы келген қонақтарға әр факультеттен бөлінген белсенді студенттердің жетекшілігімен деканат пен кафедрларға баруға мүмкіндік берілді.
Белсенді студенттер іс-шара қонақтарына көмектерін көрсетті, сұрақтарына жауап берді, медициналық ЖОО оқудың ерекшеліктері туралы айтып берді:
— «Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау» мектебінен: Мырзахан Қымбат, Үсенқұл Мадина, Саргелек Нәзира, Файзуллина Жазира, Асықбай Айман, Жексенбай Гулбақша, Есентаева Дамира, Умарова Карина, Арминжанов Ислам.
— «Жалпы медицина» мектебінен: Қалиасқар Аружан, Дүйсенбай Айгерім, Оразбай Шерхан, Байменов Сардор, Менлибаева Айдана, Калауова Мереке, Ислямова Мөлдір, Сатылған Ақерке.
— «Фармация» мектебінен: Аманжолова Жанеля, Балпанова Нуриля, Бейсен Ханымсұлу, Бірімқұлова Назерке, Қалаубек Салтанат, Құмарбекова Жансая, Тілеубай Сымбат, Жумагали Самал, Арғынбек Тоғжан, Игібай Ерасыл, Талғат Әсел, Имиршаев Шухрат.
— «Стоматология» мектебінен: Асанулы Жандос, Мырзагали Еркебулан, Мажтаев Дауренбек, Сикым Ануар, Аманжол Нурым, Мендибай Ерболат, Рустамов Адил, Даулет Бибигул, Бекмырза Елназ, Бахытова Амина.
«Ашық есіктер күніне» келген мектеп оқушылары, олардың ата-аналары және жалпы білім беретін мектептердің ұстаздары іс-шараға көңілдері толды, олар С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ басшылығына, мектеп пен факультет декандарына, оқытушыларға және қызметкерлерге алғыстарын білдірді.
Қабылдау, кәсіби бағдар беру, студенттерді дамыту және
бітірушілерді жұмыспен қамту басқармасы