Медицинадағы жемқорлық неге әкеп соқтыруы мүмкін – белгілі жазушы ҚазҰМУ студенттерімен кездесті
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде танымал қазақстандық жазушы Жан Ақжановпен кездесу өтті. Белгілі жазушы студенттерге университеттегі сыбайлас жемқорлықтың әкелер үлкен зардабын айтып өтті. Сондай-ақ, Жан Ақжанов еліміздің мемлекеттік және жеке ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды түсіндіру жұмыстарына өзіндік үлес қосуға дайын екенін алға тартты. Жазушының соңғы еңбектерінің бірі «Дәрігер жолы» кітабы болып табылады. Жазушының пікірінше, кітаптың сюжеті болашақ медицина қызметкерлеріне пайдалы болмақ.
«Мен үшін ең жақсы студент – кітап оқып жүретін студент. Менің «Дәрігер жолы» кітабымның сюжеті сіздерге де қатысты болуы мүмкін. Өйткені, мұнда тек медицина туралы ғана емес, адами құндылықтар туралы айтылады», – деді жазушы.
Осындай кездесулердің мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қазақстандықтардың жемқорлыққа қатысты санасын өзгерту. Осы өзекті тақырып бойынша студенттерге Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері де сөз сөйледі.
«Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ақпараттық-ағартушылық штабтың жұмысын көптеген азаматтар қолдайды: қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, блогерлер, шығармашылық тұлғалар, жазушылар мен журналистер. Осылайша, бұл жұмыс студенттерде жемқорлыққа қарсы мәдениет пен патриоттық тәрбие қалыптастыруға ықпал етеді», – деп атап өтті Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Елнар Игіліков,
ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин өз сөзінде «бүгінде университет сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік саясатын жүргізеді. Ал студенттер мен оқытушылар академиялық адалдық қағидаларын ұстанады. Дегенмен, әрбір қазақстандықтың кәсібі мен мәртебесіне қарамастан, парасаттылық, әділдік, адалдық пен қайырымдылықтың адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуге тиіс. Ал болашақ дәрігерлер үшін бұл қасиеттер бірнеше есе қажет», — деп атап өтті.