ҚазҰМУ әкімшілігі жалпы білім алушыларды, 1 курс студенттерін жаңа оқу жылымен құттықтады
Жылда 1 қыркүйек күні С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректорат ғимаратының алдында 1 курс студенттеріне арналған үлкен салтанатты жиын өтетін. Университет ғимаратының алды ақ халат киген студенттерге толған ерекше мерекелік күн болатын. Биылғы жылы қазіргі орын алған жағдайға байланысты университет әкімшілігінің 1 курс студенттерін құттықтап, қарсы алу мерекелік іс-шарасы онлайн түрінде өтті.
Өздеріңізге белгілі ағымдағы жылдың басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерінде Сovid-19 коронавирустың таралуына байланысты пандемия жариялаған болатын. Барлық елде карантин жарияланып, қарым-қатынастың барлығы тоқтатылды. Білім беру ордалары, қызмет көрсетудің барлық түрлері жаппай онлайнға көшті. Біздің университеттің білім алушылары да үйлеріне қайтарылып, сабақтары онлайн түрінде жалғасқан болатын.
Осы пендемия кезінде ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегін, табандылық танытқан қайраттылығын байқадық. Әрине қиындықтар да болды, бірақ оны жеңе білді. Дәрігерлер, медбикелер, санитарлар екі-үш ай бойы отбасы ортасынан жырақ жүріп, халықтың денсаулығын ойлап, күні-түні тынбай еңбек етті. Сол аянбай еңбек еткен ақ халаттылардың ішінде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің дәрігер түлектері, бүгінде белді дәрігерлер, клиника басшылары, сонымен қатар интернатура, резидентура білім алушылары қолдан келгенше өз үлестерін қосып, халықтың рахметіне бөленген болатын. Университет қабырғасындағы Жастар саясаты басқармасына қарасты, Студенттердің өзін-өзі басқаруы бағыты бойынша интернатура студенттері Ж.Солтанай, Н.Тілеубектің жетекшілік етуімен волонтерлар көп балалы отбасыларына, қарт адамдарға әлеуметтік жағынан жаз бойы көмек көрсетті. Пандемия кезінде Үкімет тарапынан ерен еңбектері үшін марапаттар алды.
Қиындықтардың біршамасы артта қалды, бірақ әлі де толықтай вирустан арылдық, – деп айту ертерек.
Міне, 2020 жылдың сегіз айы да осындай кезеңдерді басынан өткеріп, қыркүйек айының бірі күні жаңа оқу жылы басталып та кетті. Студенттердің білім алуы, мерекелік іс-шаралардың барлығы онлайн түрінде өткізілуі жалғасуда. Биылғы жаңа оқу жылында ҚазҰМУ-дың жалпы білім алушыларын, 1 курс студенттерін университет әкімшілігі онлайн құттықтады.
Өз сөзінде С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Т.С.Нурғожин білім алушыларды 30 тамыз еліміз бойынша аталынып өткен ҚР Конституциясы күні және 1 қыркүйек Білім күнімен құттықтай келе, жаңа оқу жылында жаңа жетістіктерге жете беруіне өз тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, биылғы жылы жаңадан оқуға түскен білім алушыларға университет түлектерінің ішінде елімізге танымал тұлғалардың, білікті дәрігерлердің көп екенін айта келе, сол танымал адамдардың жолын, еңбек сүйгіштігін тіледі. Университет басшысының дәрігер мамандығын таңдап алған 1 курс студенттеріне тағы бір баса айтқан сөзі, бірінші кезекте жүректерінде мейірімділік болу керек екенін айтты. Жүректе мейірім болмай, өз ісін жақсы көрмей, дәрігер болу мүмкін еместігін ескертіп, сондай-ақ биыл көшбасшы оқу орнымыздың құрылғанына 90 жыл толатындығын айтып өтті. Оқу орнымыздың жалпы білім алушыларына, оның ішінде университет табалдырығын енді ғана аттап отырған 1 курс студенттеріне жаңа оқу жылында мол табыстар тілей келе, алдағы күнде бір-бірімізді жақын көріп білісетін уақыттың да келетінін айтты.
Сонымен қатар, Академиялық қызмет бойынша проректоры К.Ж. Байльдинова студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтап, білім алуда қандай да болсын сұрақтар туындаған кезде үнемі қол ұшын беріп, жан-жақты көмек көрсететіндіктерін айтты.
Сөз соңында университет ректоры Т.С.Нурғожин университет әкімшілігі атынан барша ҚазҰМУ ұжымына, білім алушыларға амандық-саулық, толағай мол табыс, сәттілік тіледі.
Жастар саясаты басқармасының бас маманы С.А.Апсаттарова