Вакцина жайлы 7 сауал – Алмаз Шарман жауап береді
Америка денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі, Қазақстан Медициналық профилактика академиясының президенті, профессор Алмаз Шарман «SARS-cov-2 және вакцинация» тақырыбындағы конференцияға қатысып, тілшілердің сауалына жауап берді. Жиі қойылатын сұрақтардың жауабын Massaget.kz порталының тілшісі жинап ұсынады.
Неге таңдау «Sputnik V» вакцинасына түсті?
Бірден айта кетейін, басында бұл вакцинаға мен де сенбедім. Алайда Lanset журналына вакцинаның клиникалық зерттеуінің нәтижесі шыққанда таңдандым. Өйткені ресейлік екпенің тиімділігі – 91,4% болды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Салыстырмалы түрде айтсам, 2019 жылы салынған тұмауға қарсы вакцинаның тиімділігі 50% ғана болған. Ал әлемдегі ең тиімді деген вакцинаның көрсеткіші – 94-95%. Аз уақытта дайындалған «Sputnik V» екпесінің мұндай жоғары эффект көрсеткені – шынайы жетістік. 91 пайыз дегеніміз – егілген 10 адамның 9-ы індеттен аман болады деген сөз.
Оның үстіне, ресейлік вакцина – аденовирустың екі түрінен әзірленген ең алғашқы векторлы вакцина. Екпені векторлы әдіспен жасау бұрыннан келе жатқан тәжірибе, яғни, сенімді жол.
Вакцинаны екі дозамен салады. Арасы – 21 күн. Бір айда екі рет екпе алған адам аурудан жақсы қорғанады. Менің ойымша, адамзат бір аурудың бірнеше вакцинасын бірінен кейін бірін салдырғаны жөн. Сонда аурудан толық айығады. Болашақта медицина осы тәсілге көшуі мүмкін. Өйткені бір вирустың өзі бірнеше түрге мутацияланып жатыр. Бұдан бір вакцинамен қорғану аздық етеді.
Отандық вакцинаның тиімділігі қанша?
Қазақстандық QAZ-COVID-in вакцинасы – инактивті вакцина. Мұндай екпені дайындауға көп қаржы кетеді. Сондықтан ол қымбат болады. Отандық екпенің тиімділігі жайлы айту әлі ерте. Өйткені клиникалық зерттеудің 1-ші және 2-ші кезеңі енді ғана аяқталды. Әлі 3-ші кезеңі бар. Ол сәуірде аяқталады. Содан кейін ғана бәрі белгілі болмақ.
Вакцина салдырған адамға маска тақпай-ақ қойса бола ма?
Жоқ. Бәрібір әлеуметтік қашықтық сақтап, маска таққаны жөн. Өйткені вакцинаның тиімділігі тек 90% екенін айттық. Демек әлі 10% қауіп бар деген сөз. Содан сақтану үшін міндетті түрде маскамен жүрген жөн.
Тағы бір мысал келтірейін. Мәселен пандемияда оңтүстік-шығыс Азия елдері зардап шеге қоймады. Әсіресе, Малайзия мен Сингапур. Себебі неде? Өйткені бұл елдер маска тағуды әдетке айналдырған. Елдің 95%-ы маскімен жүреді. Эпидемия басталғанда-ақ маскіге жүгірді. Содан ауру аз тарады. Әлемде экономикасы мүлде зардап шекпеген бір-ақ ел бар: ол – Сингапур. Басқанікі 4-5%-ға дейін құлдырады. Сингапур тіпті вакцина мен дәрі жасауға ұмтылған жоқ.
Осы жерде тағы бір қызық жайт бар. Бірде маған Америка нейрохирургі, медицина репортері Санджай Гупта (Dr.Sanjay Gupta) «егер коронавирус тек балаларға ғана жұғады десе, әлем халқы не істер еді?» деп сұрақ қойды. Ойланып қалдым. Шынымды айтсам, бұрын ойламаған екенмін. Егер коронавирус тек балаларға ғана жұғады десе, онда адамзат бүлдіршіндерді аман алып қалу үшін шетінен маскі тағып, профилактикалық амалдарға көшер ме еді? Ал коронавирус басында қарияларға жұғады деп ақпарат тарағанда, бәрі немқұрайлы қарады. Сонда біз қариямызды қадірлемейтін болғанымыз ба?!
Азия елдері қариясын жақсы құрметтейді. Сондықтан болса керек, індет басталғанда-ақ оларды құтқару үшін маскі тағып, жауапкершілік танытты.
Коронавирустың аэрозоль (шаң тамшысы) арқылы тарауы мүмкін. Вакцина салдырған адамның сілекейінде вирус болып, ол ауамен тарап, тағы бір адамға жұғуы ықтимал.
Вакцина салдырғанда асқыну сынды келеңсіз жайт болуы мүмкін? Мұндайда не істеген жөн?
Вакцинаны салдыруға 20 секунд уақыт кетеді. Содан кейін ең дұрысы – дәрігердің жанында 15-30 минуттай отырып, әсерін күту. Әдетте, аллергия 15 минуттан кейін-ақ әсерін білдіреді. Егер жарты сағатта еш кінәрат болмаса, жиналуыңызға рұқсат. Ал болса, онда дәрігерге кіріңіз. Менде де аллергия бар. Бірақ аллергиям бар екен деп, вакцинадан қорыққан емеспін.
«Sputnik V» екпесін салдырғаннан кейін мынадай жағымсыз белгілер байқалуы мүмкін:
– Бас ауру
– Әлсіздік
– Дене қызуының көтерілуі
– Бұлшық еттің құрысуы
– Қалтырау, дірілдеу
– Укол салынған жер ісуі мүмкін
Бірақ мұндай белгілер өте аз адамда болады, көбінде жасырын жүреді. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ. Болды дегеннің өзінде 24-36 сағаттың ішінде кетеді.
Мұндай белгілер байқалса, керісінше қуану керек. Өйткені ағза екпені қабылдап, қызу реакцияға кірісті, антидене өндіруге бас қойды деген сөз. Адам ауырғанда, дене қызуы көтерілетіні сынды құбылыс.
Ыстық көтерілсе, онда суды көбірек ішіңіз немесе ыстық түсіретін дәрі ішуге болады.
Екпе салдырған адамға коронавирус жұғуы мүмкін бе?
Жоқ. Бұған сенімді жауап беремін. «Коронавирус екпесін салдырып, вирус жұқтырды немесе вакцина вирус таратады екен» дегенді жиі еститін болдық. Мұның бәрі – өтірік. Әлемдік вакцинаның қайсыбірін алсаңыз да, вирус таратуға қауқарсыз. Бейтарап.
Бірақ бір ескере кетер нәрсе бар. Адам вакцина салдыруға келгенге дейін коронавирус жұқтырып алған болуы мүмкін. Мұны білу оңай. Егер адам екпе салдырғаннан кейін бас ауру, әлсіздік, ыстық көтерілу сынды белгілер байқалып, бір тәуліктен кейін де жалғасса, демек сіз оған дейін вирус жұқтырғансыз. Онда дәрігерге барып қаралуға тура келеді. Ал жағымсыз белгілер бір тәулікте қайтса, онда бәрі қалыпты. Көбі осы екеуін шатастырып алады.
Балаларға, қарсы көрсеткіші бар адамдарға екпе салдыруға болмайды. Олар не істеуі керек?
Меніңше, балаларға екпе салдырудың қажеті жоқ. Өйткені коронавирус инфекциясы балада жеңіл өтеді. Балаларда бөлек коронавирус болады. Ол ересектерге қарағанда жеңілдеу әрі бұдан пайда болған антидене коронавирустың басқа түрінен де қорғайды.
Ал қарсы көрсеткіші бар адамдарға екпе салдыруға болмайды. Аяғы ауыр, омырауында баласы бар әйелдер, бауыр мен бүйрек созылмалы ауруына, жүрек-қан тамыры, аутоиммунды, диабет, қатерлі ісікке шалдыққан жандарға екпе салынбайды. Ал оларды қорғаудың ең тиімді жолы – ол, әрине, ұжымдық иммунитет.
Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 70%-ы вакцина алуы керек. Қалған 30%-ына екпе салдырғысы келмеген, қария, қарсы көрсеткіші бар адамдар жатады.
Коронавируспен ауырғандарға вакцина салудың қажеті қанша, оның ағзасында онсыз да антидене бар емес пе? Бұл пікірге не дейсіз?
Ағзасында антидене анықталғандар вакцина салдыру арқылы иммунитетін одан әрі күшейтеді. Неге екі-үш реттен вакцина салдырады? Себебі иммунитетті күшейту үшін. Ауырған адамның ағзасында антидене ұзақ уақыт өмір сүреді деген жоқ. Кез келген уақытта жоғалып кетуі мүмкін. Ал вакцина оны арттыруға көмектеседі.
Десе де, екпе салдыру-салдырмауды азаматтың өзі шешеді. Қазақстанда вакцина салдыру міндетті емес. Одан кез келген адам бас тарта алады.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/arnayyi_jobalar/zdorove/64486/