Жас тәлімгерлерге арналған онлайн-семинар
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жастар саясаты басқармасының тәрбие жұмысы, студенттерді әлеуметтік қолдау және мәдени-шығармашылық жобасын жүзеге асыру бөлімі мен Университет тәлімгерлер кеңесінің ұйымдастыруымен және Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қолдауымен жас тәлімгерлерге арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобаларын студенттік ортада жүзеге асырудағы тәлімгердің рөлі» тақырыбында онлайн-семинар өтті.
Біздің университеттің міндеті білім мазмұнын құрайтын жоғары медициналық сапаны қамтамасыз ете отырып, қазақстандық элита құрамына кіруге қабілетті, жоғары кәсіби мәдениетті маман тұлғаны қалыптастыру, соған сәйкес білім алушылардың бос уақытын дұрыс және тиімді ұйымдастырып, тәрбие жұмысын үйлестіруші тәлімгерлердің еңбегі зор.
Семинардың ұйымдастырылу мақсаты да бәсекеге қабілетті жоғары білікті болашақ медицина мамандарын қалыптастыруда ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелейтін жас тәлімгерлерді қолдау және жүргізілетін тәрбиелік жұмыстарды жүргізуде басты бағдар болатын Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобалары бойынша іс-шараларды ұйымдастыруда тәжірибемен бөлісу.
Міндеттері: білім алушылардың сабақтан тыс бос уақыттарын тиімді өткізу жолдарын қарастыру, олармен ортақ тіл табысудың ұтымды жолдарын айшықтау, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастыру, тәлімгерлердің біліктілігін, шеберлігін шыңдау және ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, тәрбиелеу.
Семинарға Алматы қаласының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ғылыми және білім беру ортасымен өзара әрекеттесу бөлімінің басшысы Касыметова Б.Т., Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Дін мәселелерін оқу орталығының» басшысы Ибрагимов Д.Е., Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Байташева Г.У. және университеттің тәжірибелі аға тәлімгерлері «Биофизика курсымен қалыпты физиология» кафедрасының лекторы Алмабаева Н.М. мен «Қазақстан тарихы және ӘГП» кафедрасының ассистенті Мәлік Г.А. қатысып, білім алушылармен тәрбие жұмысын жүргізуде жас тәлімгерлерге маңызды, құнды болатын іс-тәжірибелерімен бөлісті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын студенттік ортада жүзеге асыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жолдары, жетістіктері, кездесетін кедергілер талқыланып, кеңес берілді.
Университеттің корпоративтік даму жөніндегі проректоры Датхаев У.М. семинардың уақытында, орынды ұйымдастырылғанын атап өтіп, жас тәлімгерлерге өте пайдалы болатынына сенім білдірді.
Тәрбие жұмысы – үнемі жетілдіруді талап ететін процесс, оны жетілдіруде өткізілген іс-шараның маңызы зор және семинарға қатысушы жас тәлімгерлер үшін жаңа игі істерді атқаруға ынталандыру болады деп ой түйіндейміз.
Семинар жұмысының нәтижесінде спикерлерге Алғыс хат пен жас тәлімгерлерге сертификаттар берілді.
Университет тәлімгерлер кеңесі