Қазақтың біртуар тұлғасы С.Ж.Асфендияровтың туылған күніне орай еске алу іс-шарасы өтті
Ағымдағы 2021 жылдың 22 қазан күні, қазақ елінің болашағы үшін күрескен біртуар тұлға С.Ж.Асфендияровтың туған күніне орай, жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша еске алу іс-шарасы өтті. Аталған іс-шара Жастар саясаты басқармасы, әскери кафедрасы, қазақстан тарихы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы, ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағының ұйымдастыруымен ректорат ғимаратында орналасқан С.Ж.Асфендияровтың бюсті ескерткіші алдында өтті.
Іс-шара ескерткіш алдына гүл себетін қоюдан басталды. Жиынға мектеп декандары, оқытушылар, 1 курс студенттері қатысты. Стоматология мектебінің деканы Б.П.Дильбарханов алғы сөз сөйлеп, жиынды ашып берді. Сонымен қатар, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ассистенті, әлеуметтік ғылымдар магистрі Д.Е. Несипкалиев кафедра ассистенті, тарих ғылымдарының магистрі С.А.Миажден сөз сөйлеп тарихшы-ғалым, дәрігер, қоғам қайраткері С.Ж.Асфендияровтың еңбектерінің өміршеңдігі мен маңыздылығына тоқталып өтті. Еске алу іс-шарасынан кейін студенттер ректорат ғимаратының екінші қабатында ғалымның өмірбаянына арналған ҚазҰМУ музей қызметкерлерінің дайындаған фотосурет тақтасын көріп танысты. Еске алу кешін жылда дәстүрлі түрде өткізудегі мақсат, жаңадан келген 1 курс студенттеріне өздерінің білім алып жатқан оқу орнының аты берілген қоғам қайраткерінің сіңірген еңбектерін айта отырып, естерінде сақтауға және осы рухани істі әрі қарай жалғастыруға жол көрсету, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру болып табылады.