КҮШІМІЗ БІРЛІКТЕ!
Құрметті достар, әріптестер, студенттер. Бүгін 10 қаңтар Қазақстанда еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды! Ресми мәліметтерге сәйкес орын алған қайғылы оқиғаларда күш құрылымдарының 18 өкілі: полиция, Ұлттық гвардия жауынгерлері, курсанттар, офицерлер қаза болған. Тәртіпсіздіктердің құрбандарының арасында қарапайым азаматтар, балалар да бар.
Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бүкіл елде болған тәртіпсіздіктерден зардап шеккендердің тез сауығып кетуіне тілектеспін. Орын алған қайғылы оқиға – бүкіл Қазақстан халқы үшін орны толмас қасірет, қазақстандықтардың жүрегінде ұзақ сақталары хақ. Бірақ бірге біз өз үлесімізге түскен осы қасіретті жеңеміз.
ҚазҰМУ студенттерін, оқытушыларын, университет қызметкерлерін ТЖ режимін мүлтіксіз сақтауға шақырамын. Алматыда терроризмге қарсы операция әлі де жалғасуда, сондықтан арнайы қызметтерге деструктивті ағымдардың барлық өкілдерін жоюға мүмкіндік беру үшін үйде болу қажет.
Қымбатты достар, еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жанына топтасумыз қажет, ол – біздің бостандығымыздың, қауіпсіздігіміздің және тәуелсіздігіміздің кепілі. Мемлекет басшысының барлық шешімдері террористермен шабуыл жасалған осы постулаттарды нығайтуға бағытталған. Құрметті отандастар, еліміздің болашағы біздің қолымызда, күшіміз бірлікте!
ҚазҰМУ Ректоры Талғат Нұрғожин