Әлиев Мұхтар Әлиұлы туралы
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің Т.Шарманов атындағы Даңқ залында 2023 жыл ақпан айының 22-ші жұлдызында аты аңызға айналған, Қазақ Медицина Ғылым академиясының академигі (1989ж.), негізін салушы (1995ж.), «Халық Қаһарманы» (1995ж.), хирургтар қауымдастығының мүшесі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі (1982-1987 ж.ж.) – Әлиев Мұхтар Әлиұлына арналған айтулы 90 жылдық еске алу кеші аталып өтілді. Аталған жиында М.Әлиевтің замандастары мен шәкірттері дәрігердің өмірі және еңбек жолы жайлы сыр шертті. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің Дипломнан кейінгі білім беру факультеті деканы Баймаханов Абылай Ниятовичтің ұсынысының арқасында, аталған жиында алдыңғы буынмен қатар академик М.Ә.Әлиев жайлы баяндама оқу бақыты маған да бұйырды.
Ақпараттарды жинау барысында, Қазақ ұлтының басында дүрбелең шақта (1933ж.) өмірге дүниеге келген М.Әлиевтің өмірінің қандай қызық әрі қиыншылыққа толы болғанына көзім жетті. «Жақсылық жасауға асығыңдар» – деп насихаттаған М.Әлиевтің, халық үшін, медицина саласына қосқан үлесі орасан зор. М.Әлиев өз заманының «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғасы болған деп айтсам еш қателеспеймін, себебі бір жанның бойына бірнеше адами қадір-қасиет пен бірнеше мансапты алып жүру бұйырған екен. Жаңалыққа жаны құмар дәрігер өз заманында медицина саласына – эндовидеохирургияны енгізгендердің алғашқыларының бірі бола білді. Замандастары мен көзін көрген тұлғалардың айтуы бойынша – М.Әлиев «универсал» хирург болған іспетті, себебі тек абдоминальды хирургияны ғана емес, торакальды хирургияны, қан-тамыр хирургиясын да жетік меңгерген дәрігер 50-ге жуық аортакоронарлы шунттау оталарын жасап шығарды. Өз ісінің «фанаты» бола білген ол, өзінің еңбек жолында 18000-ға жуық ота жасап, Қазақстан Республикасының ең жоғарғы атағы – «Халық қаһарманы» марапатына да ие болды. Өз сөздерінде М.Әлиев: «Мен жақсы дәрігер болу үшін, жақсы хирург болу үшін, ұзақ жолды жүріп өттім» – деген екен. Ақпараттарымыз бұл сөздер дәйек бола алады.
5 жасынан анасынан, студенттік шағында әкесінен айырылып, балалық шағы қиын өтсе де, бойына дарыған қажыр-қайратының, адал еңбегінің арқасында қарапайым ауыл педагогынан Денсаулық Сақтау Министрі лауазымына дейін өз күшімен жете білді. Республикамызда алғашқылардың бірі болып трансплантология орталығын ұйымдастыра білді. Яғни, М.Әлиев талай шәкірттің көзін ашқан, ғылым-білімге үйреткен ұлағатты ұстаз, талай жанның дертіне дауа таба білген ақ халатты абзал жан, энтузиаст әрі кемеңгер көшбасшы, ұйымдастырушы болды деп мақтанышпен айта аламыз.
Баяндаманы дайындау барысында дәрігер өмірінің кейбір тұстарынан өз өмірімнің бөлшектерін көргендей болдым, Сыр елі, Жыр елі болған Қызылорда қаласының тумасы әрі тұлға болып қалыптасарда екі таңдау жолының болуы, бірі-журналистика, бірі-дәрігер мамандығы, бірақ жүрек қалауы, тағдыр шешуімен медицина саласына түсуі. Бұл сәйкестіктер, атақты дәрігердің бойына біткен қасиеттері мен жеткен жетістіктері болашақ менің де дәрігер болып қалыптасуыма шабыт бергендей болды. Аталып өткен жиын өте мағыналы, медицина түлектеріне берері мол болды, тілерім осындай Ұлы тұлғалардың ұлылығын ұлықтап, еңбек жолын насихаттайтын, шабыт беретін жиындардың қатары үзілмесе екен. Ал түлектер өз кегеінде М.Әлиев сынды тұлғалардан үлгі алса, Республикамызда көзі ашық, көкірегі ояу, медицина саласында талай жанның өміріне араша бола алатын, болашағы зор ұрпақ өсіп шығары анық.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің
«Жалпы хирургия» мамандығы бойынша 1 курс резиденті
Қазиева Айгерім Махмутқызы