Дәрігердің деңгейі – ел дамуының көрсеткіші
Білікті дәрігерлер – ұлт саулығының ғана емес, ел дамуының көрсеткіші. Білімі терең, тәжірибесі толысқан, ізденімпаз дәрігерлер көп болса, елдегі денсаулық сақтау саласы да өркендейді. Сондықтан да медицина саласына сапалы кадрлар қажет.
(с) Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ
Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде өзгеріс көп. Дәрігерлер шетелде білімін жетілдіріп, әлемге танымал үздік клиникаларда кәсіби шеберліктерін шыңдап жатыр. Ғылым мен білім өркендеп, ақпараттық технология дамып жатқан заманда жаңалықты жатсынбаған абзал. Қазақстандағы жоғары оқу орындары тек отандық қана емес, шет елдерге де медицина мамандарын даярлап жатыр. С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Халықаралық факультет деканы Нұржамал Жәрдемалиевамен сұхбатта медицина мамандарын даярлаудағы жаңашылдықты сұрадық.
– Нұржамал Жеңісқызы, медицина мамандарын даярлау ісінде өзгерістер, жаңашылдықтар көп екен, тарқата айтсаңыз.
– Өздеріңізге белгілі, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ – бұл Қазақстанның медициналық университеттері арасында тамыры тереңге бойлаған оқу орны. 94 жылдың ішінде еліміздің, сондай-ақ жақын және алыс елдердің медицинасының мақтанышы болып жүрген талай саңлақтарды дайындап шығарды. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз, озық ойлаушы ел ретінде, тек алға қарай қарауға тиіспіз…», деді. Прогресс, өздеріңіз білетіндей, бір орында тұрмайды, оның ішінде медициналық білім-ғылым күн санап дамып келеді. Медицина тереңірек танылады, білім жетілдіріледі. Халықаралық факультетте студенттер ағылшын тілінде екі мамандық – «Жалпы медицина» және «Педиатрия» бойынша оқиды. Осы екі мамандық бойынша екі жылда оқу процесі ҮИМБ (үздіксіз интеграцияланған медициналық білім) бағдарламасы арқылы оқытылады. Және үш білім деңгейін біріктіретін 6 жылдық бағдарлама бар: бакалавриат, интернатура және магистратура.
https://egemen.kz/article/357301-darigerdinh-denhgeyi-%E2%80%93-el-damuynynh-korsetkishi