Ардақты жан-ұстаз
Ардақты жан-ұстаз.
Адам өміріндегі ең қымбат ардақты Жанның бірі-ұстаз! Барша адамзат қауымы, қоғам қайраткерлері, ұлы данышпан ғалымдар да барлығы бір адамға қарыздар. Ол-ұстаз.
Қазан айының бірінші апталығының соңғы демалыс күні Ұстаздар мерекесі болып табылады. Университетімізде қалыптасқан дәстүр бойынша әр мерекелік күндерге ерекше көңіл бөлінеді. Биылғы жылы Қарттар күні мен Ұстаздар мерекесі екеуі тұспа-тұс келіп қалды. Осы мерекелік күндерді атап өту іс-шарасы үстіміздегі 2015 жылдың 1-ші қазан күні «Cоncordia» театрында өткізілді. Мерекелік іс-шараның басында «Ұстазыма» мемориалдық кешені ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Артынша оқытушылар мен студенттер «Cоncordia» театрына қарай өтті. Университет әкімшілігі тарапынан құттықтау сөздер айтылып, 113 оқытушы Мақтау қағаздарыман марапатталды. Салтанатты жиынның екінші бөлімінде А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушыларының күшімен концерттік бағдарлама қойылды. Концерттік бағдарламаға А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің 70-ке жуық оқушылары қатысып, әр музыка жанрында өз өнерлерін ортаға салып көрермендердің ризашылығына бөленді. Университетіміздің ҚазҰМУ қызметкерлер кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Қарттар күніне» байланысты үлкен мерекелік концерттің алдында ардагер оқытушыларға дастархан жайылып сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар, студенттер атынан көркемөнерпаздар үйірмелерінің күшімен концерттік бағдарлама көрсетілді. Осылайша екі мереке үлкен ауқымда оқу орнымызда аталынып өтті.
Жастар мәдени шығармашылық орталығының көркемдік жетекшісі С.А.Апсаттарова