Алматыда жатақхана мәселесі қалай шешіледі?
Алматы – еліміздің ең ірі білім беру орталығы. Мұнда 35 жоғары оқу орны орналасқан. Онда 200 мыңға жуық студент білім алады. Олардың 62%-і – ел аймақтарынан келгендер. Демек жатақханаға деген сұраныс басым. Жаңа оқу жылы да алыс емес. Мегаполисте жатақхана мәселесі қалай шешімін тауып жатыр? Әдетте жатақхана мәселесі жаңа оқу жылының қарсаңында ушыға түседі. Білім қуып келгендер табан тіреп, бас сұғатын баспана таба алмай, абдырап қалатыны рас. Өзекті мәселені шешуге Президент пәрмен беріп, соңғы жылдары түйін тарқатыла бастады. Мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі аясында келісімдер жасалып, инвесторлар тартылды. Дамир Кутумов, Алматы қ. әкімдігінің жанындағы студенттік жатақхана құрылысы бойынша жобалық кеңсенің басшысы: – Жатақхана тапшылығы өте өзекті. Мәселе екі бағытта шешімін тауып отыр. Біріншісі құрылыс арқылы. Мемлекет әр студентке 230 айлық есептік көрсеткіштен бөліп, субсидиялайды. Сондай-ақ екінші жолы – ескі ғимараттарды қайта жөндеуден өткізіп, мақсатты бағдарын өзгертіп, қайта құру. Бұл үшін әр студентке 92 айлық есептік көрсеткіш көлемінде субсидия біреледі. Алматы қаласында бос жер телімдері өте аз. Сондықтан мегаполисте қайта жөндеуден өткізу арқылы жүзеге асқан жобалар көп. Мәселен, былтыр қонақүй, мейрамхана, бизнес орталықтары сияқты 10 нысан жөнделіп, жатақхана ретінде студенттерге берілген. Өз меншігіндегі жер теліміне студенттер үйін салып беріп жатқан инвесторлар да бар. Жақында, шілде айында медицина университетінің студенттері үшін 420 орындық су жаңа жатақхана қолданысқа беріледі. Құны айына 25 мың мен 45 мың теңге аралығында болатын жатақханада барлық жағдай жасалған. Әзімбек Қойлыбай, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ баспасөз орталығының маманы: – Жатақхананың тұру уақытысында және жаз айларында өзінің атына брондауға мүмкіндік бар. Яғни, жазда барлығымыз білеміз, студенттер оқу жылын аяқтап, демалысқа кетеді. Күзде келген кезде өзінің орнын сақтап қою үшін жатақхана ақысының 50% төлейді. Нұртілек Тұралиев, 3 курс студенті: -Жатақхана студенттерге өте тиімді, яғни жалдамалы пәтерде тұрғаннан қарағанда осы жатақханада тұрған өте тиімді болып келеді. Бағасы да студенттерге қолайлы жасалған. 190 мың теңге, яғни айына 19-ақ мың теңгеден келеді. Қазір Алматыда жатақхана тапшылығы – 28 мың төсек-орын. Мегаполисті дамыту бағдарламасы аясында студенттік жатақханалардың құрылысына қатысты жол картасы бекітілді. Оның шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін 12 мың төсек-орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың төсек-орындық ғимараттар салынады. Бұл жатақхана тапшылығын толығымен жоюға мүмкіндік береді. Дамир Кутумов, Алматы қ. әкімдігінің жанындағы студенттік жатақхана құрылысы бойынша жобалық кеңсенің басшысы: – Өткен жылы студенттерді 3969 төсек-орынмен қамтамасыз еттік. Дәлірек айтқанда, оқу жылының басында 32 мың төсек-орын тапшылығы болған, оны 28 мыңға дейін төмендеттік. 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс 41 жоба бар. Оның 15-і биыл қолданысқа беріледі. Жатақхана мәселесін шешу үшін құрылған жобалық офис былтырдан бері жұмыс істеп тұр. Жатақхана салу, ескі ғимаратты студенттерге лайықтап қайта жөндеуден өткізу жобаларына 120 инвестор қатысып жатыр. Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/item/656711-almatyda-zhata-khana-m-selesi-alaj-sheshiledi
Қолданылған материалдарға міндетті түрде 24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс