Ғалымдар Қазақстандық медицинаның негізін қалаушы – Санжар Асфендияровтың мұрасын зерттеуде
Бүгін Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде қазақстандық медицинаның негізін қалаушының өмірі мен қызметіне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қатысушылар оның Қазақстанның медицина жүйесі мен ғылымын дамытудағы зор үлесін, ұлттық медициналық кадрларды дайындаудағы рөлін және ғылыми еңбектерінің маңыздылығын талқылады.
Конференция аясында «Санжар Асфендияровтың мұрасы» атты фильм көрсетіліп, оның ғылыми және қоғамдық қызметіне арналған баяндамалар тыңдалды.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов: «Санжар Асфендияров сынды біртуар тұлғалар өз ғұмырынан әлдеқайда орасан мұра қалдырады. Олардың ықпалы жетістіктерімен ғана шектелмейді, өйткені олар болашақ ұрпақты да жігерлендіреді», – деп атап өтті.
Конференцияға ҚР Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, тарихшылар, қоғам қайраткерлері және медициналық мамандар қатысып, Санжар Асфендияровтың өмірінің негізгі кезеңдері, оның індеттермен күресі, карантиндік аймақтарды ұйымдастыруы және Қазақстандағы алғашқы медициналық пункттердің құрылуы туралы әңгімеледі.