ҚазҰМУ магистранты WSOPRAS-2025 халықаралық конгресіне қатысты
«Денсаулық сақтаудағы менеджмент» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты, Көз аурулары Қазақ ҒЗИ базасында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген дәрігер-офтальмохирург Әбілова Гүлстан Күншығарқызы 10–13 сәуір аралығында Түркияның Стамбул қаласында өткен WSOPRAS-2025 (Бүкіләлемдік окулопластика, реконструктивті және эстетикалық хирургия қоғамының халықаралық конгресі) аясында «Formation of conjunctival vaults in anophthalmic syndrome» тақырыбында постерлік баяндама жасап, жоғары бағалар мен қолдауға ие болды.
Конгреске АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Қытай, Гонконг, Үндістан және Еуропа елдерінен жетекші пластикалық хирургтар қатысты. ТМД елдерінен делегат ретінде тек Қазақстан, Ресей және Өзбекстан ғана шақырылды.
Конгрессте ұсынылған озық тәжірибе мен тың ғылыми деректер еліміздің пластикалық хирургиясы мен жалпы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.