ҚазҰМУ-да Педиатрия мектебінің түлектері диплом алды
Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қабырғасында Педиатрия мектебінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.
Белгілі болғандай, Қазақстанда он жылға жуық үзілістен кейін балалар дәрігерлерін даярлау жүйесі қайта жаңғыртылып отыр. Бүгінде 162 студент бакалавр дипломын алды, олардың ішінде – 3 үздік бітіруші, «Үздік түлек – 2025» байқауының 3 жеңімпазы және Педиатрия мектебінің «Үздік түлегі» атағына ие болған 13 лауреат бар.
Педиатрия бағытының қайта жандануына аты аңызға айналған балалар хирургі, академик Камал Саруарұлы Ормантаевтың ерен еңбегі тікелей себеп болды. Дәл осы тұлға мемлекетті балалар денсаулығы саласы бойынша тар бейінді мамандарды даярлаудың маңыздылығына сендіре алды. Оның өмір жолы, мыңдаған сәбидің өмірін аман алып қалуы және саланың дамуына қосқан үлесі – бірнеше буын дәрігерлеріне үлгі мен рух береді.
ҚазҰМУ-дың Педиатрия мектебі – жай ғана факультет емес. Бұл – адам жанына жақын, ең ізгі саланың нағыз жанашырларын тәрбиелейтін рухани ошақ.
Қазақстанда жыл сайын жүздеген мың сәби дүниеге келеді (2024 жылы – 366 мың), осындай жағдайда кәсіби педиатрлық көмектің қажеттілігі – ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы, неонаталды хирургияның дамуы, ерте араласу стандарттарының енгізілуі мен патронаж қызметінің күшеюі – балалар денсаулығын қорғаудың сенімді жүйесін қалыптастырып отыр.
Құрметті түлектер! Алдарыңызда бала денсаулығына, әрбір отбасы мен тұтас ұлттың болашағына бағытталған үлкен жол ашылып отыр. Интернатура – сіздердің кәсіби кемелдену мектебіңіз болады. Біз сіздердің бұл жолдан абыроймен өтетініңізге сенімдіміз.
ҚазҰМУ сіздермен мақтанады. Сіздер – педиатрияны кәсіп емес, өмірлік миссия деп қабылдаған жаңа ұрпақтың өкілісіздер.