ERASMUS Plus BERNICA Халықаралық конференциясы: Орталық Азиядағы тамақтану және диетология саласында білім беру мен ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту
2025 жылдың 4–5 маусым күндері «ANaMed Forum – New Generation 2025» халықаралық форумының аясында «ERASMUS Plus BERNICA бағдарламасының Орталық Азиядағы тамақтану және диетология саласында білім беру мен ғылыми-зерттеу әлеуетін орнықты даму мақсаттары контексінде дамытуға ықпалы» тақырыбында халықаралық білім беру және ғылыми конференциясы өтті.
Конференция С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің еңбек гигиенасы мен қоршаған ортаны зерттеу және білім беру инновациялық орталығы базасында ұйымдастырылды.
«Building Educational and Research Capacities in Nutrition and Dietetics in Central Asia» секциясының негізгі мақсаты – Орталық Азия аймағындағы жоғары медициналық оқу орындарының білім беру және зерттеу әлеуетін арттыру, әзірленген оқу модульдері негізінде тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізу, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасу арқылы даму әлеуетін күшейту.
BERNICA жобасы (Building Educational and Research Capacities in Nutrition and Dietetics in Central Asia) – Еуропалық Одақтың ERASMUS+ бағдарламасы аясында қаржыландырылатын бастама. Жоба Орталық Азия мен Еуропа университеттерінің қатысуымен жүзеге асырылады және тамақтану мен диетология саласындағы оқу бағдарламалары мен зерттеу құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған.
«Building Educational and Research Capacities in Nutrition and Dietetics in Central Asia» форумдық секциясы ERASMUS Plus бағдарламасының мақсаттарын іске асырудағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Форум алаңы жоғары оқу орындарының ғылыми және білім беру әлеуетін күшейту мақсатында халықаралық әріптестікті нығайту үшін тиімді платформаға айналды.
Конференция жұмысына 10 елден – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Аустрия, АҚШ, Италия, Иран және Ұлыбританиядан келген профессор-оқытушылар құрамынан, ғылыми сарапшылар мен студенттерден құралған 55 адам қатысты. Барлығы 50 ауызша баяндама ұсынылды, шара аралас – офлайн және онлайн форматта өтті. Сонымен қатар, бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейіндегі 30-дан астам білім алушы ұсынылған модульдерге ерекше қызығушылық танытып, пікірталастарға белсенді қатысты.
Конференцияны ұйымдастырушы тұлғалар:
- Тогузбаева Карлыгаш Кабдешевна – ҚР-дағы ERASMUS+ бағдарламасының: CANERIEH, TUTORIAL, HARMONEE, BERNICA жобаларының ұлттық үйлестірушісі, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің «Қоғамдық денсаулық сақтау» кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы.
- Джусупов Кенеш Осконбаевич – Erasmus+ бағдарламасының CANERIEH, TUTORIAL, HARMONEE жобалары бойынша Орталық Азиядағы үйлестірушісі, BERNICA жобасының Еуропалық үйлестірушісі, Қырғызстандағы Халықаралық медицина университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор.
- Надуев Газиз Дуйсенбекович – Қазақстан Республикасы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары.
- Калыкова Асель Токановна – Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.
Ұйымдастырушылар мен серіктестердің алдында маңызды міндеттер тұрды:
- «ANaMed Forum – New Generation 2025» алаңын пайдалана отырып, Орталық Азиядағы салауатты тамақтануды насихаттау арқылы халық денсаулығын жақсартуға бағытталған білім беру мен ғылыми әлеуетті нығайту.
- Тамақтану және диетология саласындағы инновациялық оқу бағдарламаларын әзірлеу және енгізу тәжірибесін Болон үдерісінің қағидаттары мен ENQA стандарттарына сай зерделеу мақсатында бірқатар тренингтер өткізу.
- ҚазҰМУ-дың ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық сарапшылармен білім және тәжірибе алмасу.
- Тамақтану және диетология саласындағы білім беру, зерттеу және тәжірибе бағыттарында бірлескен бастамалар мен озық тәжірибе алмасу арқылы өңірлік және халықаралық байланыстарды нығайту.
Тренерлер ретінде халықаралық және республикалық деңгейдегі мамандар қатысты:
- Д-р Джусупов Кенеш Осконбаевич – Erasmus+ бағдарламасының CANERIEH, TUTORIAL, HARMONEE жобалары бойынша Орталық Азиядағы үйлестірушісі, BERNICA жобасының Еуропалық үйлестірушісі, Қырғызстандағы Халықаралық медицина университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор.
- Профессор Тогузбаева Карлыгаш Кабдешевна – ҚР-дағы ERASMUS+ бағдарламасының: CANERIEH, TUTORIAL, HARMONEE, BERNICA жобаларының үйлестірушісі, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің «Қоғамдық денсаулық сақтау» кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы.
- Сфири Анастасия – электрондық оқыту бойынша аға сарапшы, FH JOANNEUM Қолданбалы ғылымдар университеті, Грац, Штирия, Аустрия.
- Д-р Фатманур Озюрек Арпа – Медиполь университетінің Медицина ғылымдары факультеті, Тамақтану және диетология кафедрасы, Стамбул, Түркия.
- Беисбекова Арайлым Кайратовна – PhD, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің академик Т. Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының қауымдастырылған профессоры.
- Хожамкул Рабига – С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің биостатистика және ғылыми зерттеу негіздері кафедрасының ассистенті.
- Соколов Дмитрий Константинович – С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының ассистенті.
Екі күнге созылған конференция барысында тыңдаушыларға тамақтану және диетология бойынша модульдер аясында тренингтер мен шеберлік сабақтары гибридті форматта өткізілді:
- The relationship between intestinal microbiota and diet (Ішек микробиотасы мен тамақтану арасындағы байланыс).
Д-р Фатманур Озюрек Арпа тамақтану мен ішек микробиотасы арасындағы күрделі өзара әрекет механизмдерін ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, микробиотаның құрам–алуандығы рацион мен өмір салтына тікелей тәуелді екенін, және ол иммундық жүйе, зат алмасу мен психо-эмоционалдық жағдайға әсер ететінін атап өтті. Пробиотиктерге, пребиотиктерге, ферменттелген өнімдерге ерекше назар аударып, аурулардың алдын алуда жекелендірілген тамақтанудың алғышарттарын көрсеткенімен ерекшеленді; - Functional Foods and Their Health Effects: Functional Proteins and Bioactive Peptides (Функционалдық тағамдар және олардың денсаулыққа әсері: функционалдық ақуыздар мен биобелсені пептидтер).
Д-р Арпа функционалдық тағамдардың денсаулыққа қосатын қосымша пайдасын талдап, физиологиялық процестерді реттеуге қабілетті ақуыздар мен биобелсені пептидтердің маңыздылығын атап көрсетті. Баяндамада технологиялық әдістер (ферментация, гидролиз) мен клиникалық зерттеу нәтижелері арқылы олардың антиоксиданттық, антимикробтық және иммуномодуляциялық әсері дәлелденгендігі көрсетілді. Сонымен қатар, зерттеушінің люпиннен алынған биобелсенді пептидтерге арналған докторлық диссертация жұмысының нәтижелері де ұсынылды; - « Empowering Students in the Age of AI (Жасанды интеллект дәуірінде білім алушылардың мүмкіндіктерін кеңейту).
Алматыда өткен халықаралық білім беру күндері аясында Анастасия Сфири генеративті жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында оқытудың инновациялық тәсілін ұсынды. Өз баяндамасында ол қазіргі заманғы технологиялар оқытушы мен студенттің рөлін қалай өзгертетінін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, ол білім берудегі өзара әрекеттестікке, сторителлингке (оқиға арқылы оқыту), модельдеуге, жобалық және проблемалық оқытуға баса назар аударды. Сонымен қатар, Сфири сыни ойлаудың, кері байланыстың, уәждеме мен студенттерді шешім қабылдау үдерісіне тартудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сфири ChatGPT, Perplexity, Synthesia, Fobizz сынды жасанды интеллект құралдарының қолданылу мысалдарын ұсынды. Ол бұл құралдардың әлеуетіне де, сондай-ақ олардың мүмкін болатын қауіптеріне де (мысалы, білімнің стандартталуы, оқушының дербестігін жоғалтуы немесе жеке даралықтың бұрмалануы) назар аударды. Сфири оқыту үдерісіне жасанды интеллектіні адамның қатысуымен барлық кезеңдерде енгізу стратегияларын ұсынып, жеке тұлғаның дамуына және саналы оқуға ықпал ететін инклюзивті әрі уәждемесі жоғары білім беру ортасын қалыптастыруға шақырды;
- Nutrition in COPD (Созылмалы обструктивті өкпе ауруы (СОӨА) кезіндегі тамақтану).
СОӨА-мен ауыратын науқастарға арналған бұл курс медицина қызметкерлерін осы топтағы пациенттерге нутритивтік қолдау көрсетудің негізгі принциптерімен таныстырады. Курста салмақты түзету, бұлшықет атрофиясының алдын алу, энергетикалық жетіспеушілікті болдырмау, сондай-ақ пероральды және энтеральды тамақтануды қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылады. Курстың мақсаты — аурудың ауырлығы, науқастың жасы мен қосалқы ауруларын ескере отырып, СОӨА бар адамдарға жекелендірілген тамақтану бойынша ұсынымдар әзірлеуді үйрету;
- Human Nutrition (Адам тамақтануы).
Бұл курс тамақтанудың іргелі қағидаларын, макро- және микронутриенттердің, сондай-ақ ағзаның сұйықтықпен қамтамасыз етілуінің (гидратация) рөлін ашады. Тыңдаушылар тағам өнімдерінің тағамдық құндылығын талдауды, ағзаның қажеттіліктерін бағалауды және денсаулық пен физикалық белсенділікті қолдайтын тағам рационын құруды үйренеді;
- Advanced Nutrition and Dietetics in Metabolic Syndrome (Метаболикалық синдром кезіндегі кеңейтілген тамақтану және диетология).
Бұл курс семіздік пен 2-типтегі қант диабеті жағдайындағы тамақтану бойынша терең білім береді. Оқыту заманауи клиникалық ұсынымдар мен практикалық дағдыларға негізделген — тамақтану статусын бағалаудан бастап, тағам қабылдауды алмастыруды қоса алғандағы жекелендірілген тамақтану стратегияларын құруға дейін. Курс метаболикалық синдром тақырыбын тереңірек меңгергісі келетін дипломы бар мамандарға арналған;
- Mental Health (Психикалық денсаулық).
Интенсивті курс тамақтану мен психикалық денсаулық арасындағы өзара байланысты зерттеуге бағытталған. Бағдарлама психикалық бұзылыстар, күйзеліс синдромы және аутизм жағдайында тағам рационын құру бойынша теориялық және практикалық дайындықты қамтиды. Тыңдаушылар тамақтану дағдыларын бағалауды, тиісті диеталарды құрастыруды және психикалық әл-ауқаттағы нутриенттердің рөлін түсінуді меңгереді;
- Nutrition in Elderly (Қарт адамдардың тамақтануы).
Бұл курс жас ұлғайған сайын болатын физиологиялық өзгерістер мен олардың тамақтануға әсерін сипаттайды. Тамақтануда жиі кездесетін мәселелер (қоректік заттардың жетіспеушілігі, сусыздану) қарастырылады, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және экономикалық ерекшеліктерді ескере отырып, тиімді тамақтану бойынша ұсыныстар беріледі. Курсты аяқтаған соң қатысушылар егде жастағы пациенттердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған теңгерімді диеталар құруға машықтанады;
- Nutrition For School-Aged Children (Мектеп жасындағы балалардың тамақтануы).
Курс Орталық Азияның аймақтық ұсынымдарын ескере отырып, мектеп жасындағы балалардың салауатты тамақтануына арналған. Қатысушылар негізгі нутриенттер, тағамдық әдеттердің қалыптасуы, отбасылық және медианың ықпалы туралы мағлұмат алады. Ерекше назар — балалық шақтағы тамақтану теңгерімсіздігімен байланысты аурулардың алдын алуға аударылады;
- Old Products – New Components (Ескі өнімдер – жаңа құрамдас бөліктер).
Бұл курс азық-түлік өнімдерінің құрамына сыртқы орта, сақтау шарттары және агротехнология әсерінен болатын өзгерістерді зерттейді. Нутригеномика, аквапоника және ғылыми жарияланымдарды талдау мәселелері қарастырылады. Курсты аяқтаған студенттер қоршаған ортаның тағам сапасына әсерін бағалауды және жағымсыз өзгерістердің алдын алу бойынша ұсыныстар беруді меңгереді;
- Sports Nutrition (Спорттық тамақтану).
Курс спорттық жетістіктерді қолдауда және арттыруда тамақтанудың рөлін көрсетеді. Биоэнергетика, нутриенттер, дене құрамын бағалау, қоректік заттар тапшылығының әсері және тағамдық қоспалардың тиімділігі қарастырылады. Курс кәсіби спортшыларға да, белсенді өмір салтын ұстанатын барлық адамдарға да жарамды;
- Clinical Nutrition Practice in Chronic Kidney Diseases (Созылмалы бүйрек ауруларындағы тамақтанудың клиникалық тәжірибесі).
Курс нефрология және нутрициологияға қызығушылық танытқан студенттерге арналған. Ол әртүрлі сатыдағы созылмалы бүйрек аурулары бар науқастарға арналған тағамдық қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған. Қатысушылар гиперкалиемия, гиперфосфатемия сияқты асқынулар жағдайында тамақтану стратегияларын әзірлеуді, ақуыз мөлшерін есептеуді және тағам бойынша кеңес беруді үйренеді.
Ұсынылған модульдер BERNICA жобасы аясында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық сарапшылар командасымен әзірленіп, медициналық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына интеграциялауға арналған.
Секция мен тренингтердің тақырыптары Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ 2, 3, 4 және 17) тығыз байланысты болды – атап айтқанда, халықтың салауатты өмір салтын қамтамасыз ету, сапалы білім беру, даму үшін әріптестік орнату және аштықты жою.
«ANaMed Forum – New Generation 2025» форумы аясында ұйымдастырылған жұмыс BERNICA-ның ғылыми-білім беру секциясын өткізуге қолайлы алаң қалыптастырды. Бұл Орталық Азия өңірінде халық денсаулығын жақсарту мақсатында салауатты тамақтануды насихаттау бойынша білім беру мен ғылыми әлеуетті нығайтуға мүмкіндік берді.
Конференцияға қатысқан барлық тыңдаушылар Форумның сертификаттарын, сондай-ақ кейбір спикерлер жеке сертификаттарын алды. Сонымен қатар, тренингтер бағдарламасы аяқталған соң қатысушыларға 12 академиялық сағат көлемінде халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталды.
Іс-шара қорытындысы бойынша, әзірленген модульдерді оқу бағдарламаларына енгізу мақсатында BERNICA жобасының жұмыс тобы аясында ынтымақтастықты жалғастыру жоспарланды. Бұған қоса, ұйымдастырушылар академиялық орта мен практикалық денсаулық сақтау саласындағы тыңдаушылардың кең аудиториясына арналған келесі оқыту тренингтері мен шеберлік сыныптарын өткізу жоспарын жасады.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға, тренерлерге, халықаралық және республикалық серіктестерге, сондай-ақ ERASMUS+ бағдарламасы арқылы BERNICA жобасын іске асыруға қосқан үлесі үшін С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетіне зор алғыстарын білдіреді.
🔹 ERASMUS+ бағдарламасының Қазақстандағы жаңалықтарынан хабардар болыңыз
- 🌐 Сайт: erasmus.kz
- 📘 Facebook: NEO KZ 2023
- 📸 Instagram: @erasmusplus_kazakhstan
- 📢 Telegram: NEO_KZ_2023
- ▶️ YouTube: NEO KZ 2023
- 📂 Іс-шара материалдары: Google-диск