Қазақ медицинасының аңызы Нина Каюпова дүниеден озды
Қазақстан медицинасының аңызы, көрнекті дәрігер, ғалым әрі қоғам қайраткері Нина Амировна Каюпова өмірден озды.
Ол еліміздегі акушерлік-гинекологиялық қызметтің қалыптасуына елеулі үлес қосқан тұлға, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының негізін қалаушылардың бірі. Өзінің ұзақ та мазмұнды кәсіби жолында 30 мыңнан астам сәбидің жарық дүние есігін ашуына себепкер болып, 25 ғылым докторын, 40 ғылым кандидатын дайындады. 19 монография мен 400-ден астам ғылыми мақала жазып, отандық медицинаның дамуына баға жетпес үлес қосты. Соңғы жылдары да белсенді еңбек етіп, ана мен бала денсаулығы бойынша республикалық орталықта бас ғылыми қызметкер әрі салалық журналдың бас редакторы болып қызмет атқарды.
Нина Амировна бала күнінен дәрігер болуды армандаған. Алматылық медициналық институтта оқып жүргенде акушерлікке біржола бет бұрып, осы салаға алпыс жылдан аса ғұмырын арнады. Қарапайым дәрігерден бастап, республикалық деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылығына дейінгі жолдан өтті.
Ол білім беруге де ерекше мән берді. Қазақ ұлттық медицина университетінде 15 жыл дәріс оқып, болашақ мамандарды тәрбиелеуге аянбай үлес қосты. Ел өңірлерінде акушерлік қызметті ұйымдастыру мен дамытуды үйлестіріп, жүздеген маманның кәсіби қалыптасуына ықпал етті. Ең күрделі клиникалық жағдайларға араласып, әріптестеріне тірек бола білді. Адамгершілігі мен кісілік келбеті әрдайым жоғары тұратын.
Нина Амировна жаңа ғылыми бағыттар енгізуде де белсенді болды. Соның ішінде, оның жетекшілігімен пайда болған «экологиялық репродуктология» бағыты – бүгінгі медицина үшін аса өзекті. Бұл салада ол қоршаған ортаның болашақ ана мен баланың денсаулығына әсері туралы тың деректер мен нақты ұсыныстар ұсынды.
1994 жылы ол Қазақстан атынан Халықаралық халық саны мен даму жөніндегі конференцияға қатысып, онда қабылданған маңызды қағидаттардың елде жүзеге асуына өз үлесін қосты. Әйелдер мен қыз-келіншектердің өмірлік таңдау жасау еркіндігін қолдап, осы бағытта көп еңбек етті.
Нина Амировна – тек медицина саласының емес, қоғамдық және саяси өмірдің де белсенді қатысушысы болды. Ол Жоғарғы Кеңестің депутаты, Сенат мүшесі ретінде ел болашағы үшін маңызы зор заңдарды қабылдауға атсалысты. Отбасылық тәрбие, жастар құқығы, әйелдер мен балаларды қорғау бағытында бастама көтеріп, БҰҰ-ның жоғары мінберінде Қазақстанның атынан сөз сөйледі. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияда, Қазақстан халқы Ассамблеясында, әйелдер кеңесінде белсенді жұмыс атқарды.
Ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Парасат» орденімен, Президенттің бейбітшілік пен рухани келісім жөніндегі мемлекеттік сыйлығымен, «Достық» орденімен және басқа да бірқатар мемлекеттік марапаттармен марапатталды. Алматы қаласының Құрметті азаматы атанды.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы Нина Амировнаның туған-туыстарына, жақындары мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады. Нина Амировнаның есімі – еліміздің медицина тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын тұлға. Біз оны тек білікті дәрігер, ұстаз, заң шығарушы ғана емес, терең парасатты, кең жүректі, биік адамгершілікті жан ретінде есте сақтаймыз. Оның өмір жолы – халыққа шын жүректен қызмет етудің жарқын үлгісі.
Нина Амировнамен қоштасу рәсімі 16 шілде күні сағат 10:00-де Concordia театрында өтеді.