ҚазҰМУ қызметкерлерінің балаларына арналған «Тілашар» өтті
Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Тілашар» өтті. Бұл игі шара ректор Марат Едігеұлы Шорановтың бастамасымен және Профессор-оқытушылар құрамының кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен биыл үшінші рет өткізіліп отыр.
«Тілашар» – әр баланың өміріндегі маңызды сәтті, білімге бастар алғашқы қадамды айшықтайтын жақсы дәстүрге айналды. Биыл ҚазҰМУ қызметкерлерінің 74 баласы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Олардың ішінде 42 ұл және 32 қыз бар.
Осы күні кішкентай қонақтар мектепке аса қажетті сыйлықтарға ие болды: 13 түрлі кеңсе тауарымен толықтырылған жарқын рюкзактар, аяқкиімге арналған сөмкелер мен су құятын бөтелкелер. Сонымен бірге әр балаға мектеп формасын алуға 30 000 теңге көлемінде материалдық көмек берілді.
Мерекелік көңіл-күйді Мемлекеттік қуыршақ театрының театрландырылған қойылымы мен қызықты байқаулар одан әрі жандандыра түсті.
Шара барысында Марат Едігеұлы Шоранов бүлдіршіндер мен ата-аналарды құттықтап, мектептегі қадамдары жеңіл, сенімдері нық болсын деп тілек білдірді. Сондай-ақ, отбасыға қолдау көрсету университеттің берік дәстүрінің бірі екенін атап өтті.
Кішкентай оқушыларымыздың мектептегі өмірі жарқын жаңалықтарға, мейірімді ұстаздарға және адал достарға толы болсын! Ал ҚазҰМУ әрқашан өз қызметкерлері мен олардың жанұяларының сенімді серігі болып қала береді.