Деменция және Альцгеймер ауруы туралы хабардарлық күні
2025 жылдың 30 қыркүйегінде С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да деменция және Альцгеймер ауруы туралы хабардарлық күні өтті. Ол туыстар мен күтушілерге, алғашқы буын дәрігерлер мен мейібикелерге, студенттерге және барлық мүдделі тұлғаларға арналған ашық танымдық кездесу.
Жүйке аурулары кафедрасының бастамасымен, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 95 жылдығы мен профессор С.Қ. Қайшыбаевтың 90 жылдығына арналған практикалық денсаулық сақтау саласындағы білім беру іс-шаралары сериясын жалғастыра отырып, кездесуді ҚазҰМУ-дың Г.И. Зальцман атындағы психиатрия және наркология кафедрасы, А. Байтурсынов атындағы тіл білімі институты, ҚРМУ-дың коммуникативтік дағдылар кафедрасы және Қазақстанның деменция және Альцгеймер ауруы альянсы (KA&DA) қолдады.
Маңызды іс-шараға пациенттердің туыстары, ата-аналарының бақытты қартаюына қамқор болатын жастар, неврологтар, психиатрлар және А. Байтурсынов атындағы тіл білімі институтының мамандары қатысты.
Кездесуді ҚазҰМУ-дың Жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Сауле Тлеубергеновна Туруспекова, Г.И. Зальцман атындағы психиатрия және наркология кафедрасының меңгерушісі Ботагоз Бинешқызы Джарбусынова, А. Байтурсынов атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Мұратқызы Фазылжанова ашып, сәлемдесу сөздерін айтты.
Ресми бөлімі ADI-дің бас директоры Паола Барбариноның Альцгеймер және деменция ауруы туралы жаһандық хабардарлық айы жөніндегі баяндамасымен жалғасты. Сонымен қатар келесі тақырыптар бойынша: «Альцгеймер ауруының ерте белгілері» – PhD Радмила Тимсоновна Цой, Жүйке аурулары кафедрасының профессор ассистенті, ҚазҰМУ; «Қазақстандағы деменция: тілдік және мәдени қиындықтар» – психолингвистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. Мадина Абаева, А. Байтурсынов атындағы тіл білімі институты; «Когнитивті бұзылыстары бар пациенттермен коммуникациялық дағдылар» – ҚРМУ-дың психиатрия және наркология кафедрасының аға оқытушылары Кадржанова Г. Б. және Смагулова А. Р.; «Деменция кезіндегі психикалық бұзылыстар: клиникалық көзқарас және емдеу әдістері» – м.ғ.к., аға профессор Людмила Юрьевна Беспалова, Г.И. Зальцман атындағы психиатрия және наркология кафедрасы, ҚазҰМУ; «Когнитивті бұзылыстар: психиатр көзқарасы» – м.ғ.к., аға профессор Жанар Джаһаншаевна Калиева, Г.И. Зальцман атындағы психиатрия және наркология кафедрасы, ҚазҰМУ; «KA&DA қор қызметі: болашақ жоспарлар» – Жүйке аурулары кафедрасының ассистенті Нұрмұхамед Каримжанович Мамашаев баяндамалар тыңдалды.
Кездесу жылы атмосферада өтті: зал жиі қол шапалақтап, қатысушылар жеке оқиғаларымен бөлісті, спикерлер нақты әрі практикалық кеңестер берді. Көпшілігі үміт, бірлік және шабыт сезімін атап өтті: «Тек тәжірибелік материалдармен ғана емес, сондай-ақ біз жалғыз емеспіз және бірге көп нәрсе жасай аламыз деген түсінікпен кеттік».
«Тілдік орта мен мәдени кодтар отбасылар когнитивті өзгерістерді қалай байқап, сипаттайтынына әсер етеді. Бұл скрининг және кеңес беру кезінде ескерілуі керек», – деп атап өтті ф.ғ.к., психолингвист Мадина Абаева.
«Тіл білімі институтының мамандарын шақыру біз үшін маңызды қадам болды. Біз көбінесе медициналық мамандарды шақырамыз, ал пәнаралық тәсіл жаңа тақырыптар мен құралдарды ашады », – деп ерекше атап өтті PhD Радмила Цой, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жүйке аурулары кафедрасының профессор ассистенті.
Пәнаралық бірлескен алаң – туыстар, неврологтар және психиатрлар кездесетін мәселелерді бірлесе шешуге арналған: ерте скрининг пен диагностикадан бастап, мінез-құлықтық және психикалық симптомдарды түзетуге және күтім көрсетушілерге қолдау көрсетуге дейін. Бұл алаң алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) мамандарын, стационарлық буын мен академиялық қауымдастық өкілдерін, сондай-ақ пациенттік ұйымдарды біріктіреді.
Қоғамның деменция тақырыбына, соның ішінде, алғашқы белгілерден бастап отбасыларға қолдау жолдарына дейін, үлкен қызығушылық танытып отырғанын байқаймыз. Біздің басым бағытымыз – өзекті білімді АМСК тәжірибесіне енгізу және көпсалалы ынтымақтастықты нығайту.