Сананы қалпына келтіру: тәжірибе, дәлелдер, болашақ
9 қазан күні Халықаралық Алматы нейрохирургиялық конгресі аясында «Сананы қалпына келтіру: тәжірибе, дәлелдер, болашақ» атты конференция алдындағы симпозиум өтті. Іс- шара қазіргі нейрохирургия, неврология, реаниматология және нейрореабилитация салаларындағы өзекті көпсалалы мәселелерге арналды. Симпозиумның ғылыми ұйымдастырушылары – С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің нейрохирургия кафедрасы, жүйке аурулары кафедрасының қолдауымен, Қазақстан нейрохирургтар қауымдастығы және Алматы қаласы нейрохирургтар қоғамы болды.
Симпозиумға жиналған сарапшылар ауыр халдегі науқастардың санасын зерттеу мен қалпына келтірудің соңғы ғылыми деректері мен клиникалық тәжірибесін талқылады. Қазіргі медицина мен нейроғылым революциялық жаңалықтардың табалдырығында тұр. Симпозиум нейрохирургия, неврология, реанимациялық және реабилитациялық медицина, анестезиология салаларының жетекші мамандарын біріктіріп, келесі мәселелер төңірегінде пікір алмасты:
• Кома, вегетативтік жағдай және минималды сана синдромы кезінде сананы қалпына келтірудің шегі мен мүмкіндігі қандай?
• Қай технологиялар мен әдістер (нейростимуляция, функционалды МРТ, жасанды интеллект) когнитивті белсенділіктің оралғанын дәлелдей алады?
• Сананың феномендерін қазіргі ғылым мен этика тұрғысынан қалай түсіндіруге болады?
• Өзгерген немесе жоғалған сана күйінен шыққан науқастар не айтып бере алады?
Іс-шара комадағы, вегетативтік жағдайда жатқан түрлі этиологиялы науқастардың санасын қалпына келтірудің механизмдері, клиникалық тәсілдері мен этикалық аспектілері бойынша білім алмасудың маңызды алаңына айналды. Симпозиумды С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нейрохирургия кафедрасының меңгерушісі, №7 Қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургиялық орталығының жетекшісі, Алматы қаласы ҚДСБ бас нейрохирургі, медицина ғылымдарының докторы Ермек Қавтаевич Дюсембеков ашып, сананы зерттеуде көпсалалы тәсілдің маңыздылығын атап өтті.
Спикерлер қатарында халықаралық деңгейде танылған мамандар болды: медицина ғылымдарының докторы, MENASO вице-президенті, EJNPN журналының бас редакторы, Каир университетінің (Мысыр) неврология профессоры Ахмед Абделалим; медицина ғылымдарының докторы, С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс неврологы Сауле Тлеубергеновна Туруспекова; анестезиолог-реаниматолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Украина Ұлттық медицина ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі Владимир Ильич Черний. Атап өткен спикерлер клиникалық зерттеулер мен зертханалық бақылаулар нәтижесінде алынған соңғы ғылыми деректерді ұсынды.
Арнайы назар сананы қалпына келтірудің табысты клиникалық жағдайларына аударылды, соның ішінде инвазивті емес ми стимуляциясы, кешенді оңалту және дербестендірілген емдеу хаттамалары қолданылған тәжірибелерге.
Симпозиум нейрохирургтар, неврологтар, реаниматологтар, реабилитологтар, эрготерапевтер және афазиологтар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Талқылауға белсенді қатысқан мамандар қатарында мыналар болды: профессор Т. Н. Хайбуллин (Семей медицина университеті), профессор М. Ж. Мырзабаев, ассистент К. А. Никатов (С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нейрохирургия кафедрасы), профессор Е. С. Нургужаев (С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасы), анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі Е. Б. Еспенбетов (Алматы қ. №7 ҚКА), сондай-ақ осы бөлімнің меңгерушісі Ж. Ш. Даулетбеков (Алматы қ. №4 ҚКА). Симпозиум қорытындысы – сана бұзылыстары бар науқастарды емдеудің бірыңғай клиникалық ұсынымдарын әзірлеу және бірлескен зерттеу жобаларын іске қосу бойынша халықаралық сараптамалық бастаманың қалыптасуы болды. Нәтижесінде арнайы резолюция қабылданды. Конференция алдындағы симпозиум Халықаралық Алматы нейрохирургиялық конгресі аясында Acino part of Arcera және Merz компанияларының ақпараттық қолдауымен өтті.