ҚазҰМУ-да Гүлсім Асфендиярованың 145 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
2025 жылғы 12 қараша күні ҚазҰМУ-да Орталық Азияда жоғары медициналық білім алған тұңғыш әйел-дәрігер – Гүлсім Асфендиярованың 145 жылдығына арналған «Гүлсім Асфендиярова: ғалым, ұстаз, мемлекет қайраткері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Форумды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, ҚазҰМУ, «Ұлттық медицина қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі және Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Академик Төрегелді Шармановтың Даңқ залында еліміздің және шетелдік медицина қауымдастығының өкілдері, жоғары оқу орындарының делегациялары, тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, студенттер мен оқытушылар бас қосты.
Пленарлық отырыс басталар алдында конференция қонақтары ҚазҰМУ мұражайы әзірлеген «Орталық Азияның тұңғыш әйел-дәрігері Гүлсім Асфендиярова» экспозициясымен танысты. Архивтік құжаттар, сирек фотосуреттер мен мұрағат материалдары Гүлсім Жапарқызының тұлғалық ауқымын, сондай-ақ өңірдегі акушерлік-гинекологиялық қызмет пен медициналық білім берудің қалыптасуына қосқан үлесін жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.
Ресми бөлім Гүлсім Асфендиярованың өмір жолы мен қоғамдық қызметі туралы бейнеролик көрсетілімінен басталды.
Жиналғандарға алғысөзін ҚазҰМУ Басқарма төрағасы – ректор Марат Шоранов арнады. Ол өз сөзінде Гүлсім Асфендиярованың есімі бірнеше буын медицина қызметкерлері үшін адами және кәсіби өлшемге айналғанын атап өтті:
«Әлем тарихында өмірі бүтін бір дәуірдің бағытын өзгерткендей тұлғалар бар. Солардың бірі – Орталық Азияда жоғары медициналық білім алған тұңғыш әйел Гүлсім Асфендиярова. Оның өмір жолы табандылық пен кәсіби шеберліктің кез келген кедергіні еңсеріп, медицинаға нағыз адамдық өлшем дарыта алатынын айқын көрсетеді. Бүгін біз оны еске алып қана қоймай, өз жауапкершілігімізді де осы тұлғаның өлшемімен таразылаймыз», – деді Марат Шоранов.
Ректор сондай-ақ Гүлсім Асфендиярова мен оның інісі, ҚазҰМУ-дың тұңғыш ректоры Санжар Асфендияровтың тағдырлары ұлттық денсаулық сақтау тарихымен және түркі халықтарының дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті:
«Біздің алдыңғы буын өкілдері мықты іргетас қалады. Ендігі міндет – сол істі лайықты жалғастырып, медицинаны дамыту, оны оған мұқтаж әрбір адам үшін қолжетімді әрі сапалы ету», – деп қорытындылады ол.
Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының және басқа да салалық ведомстволардың өкілдері құттықтау сөз жолдады. Шетелдік серіктестер – Ташкент мемлекеттік медицина университеті, И. Қ. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы және Орталық Азияның өзге де жоғары оқу орындарының делегациялары Гүлсім Асфендиярованы өңірдің ортақ тарихи мұрасы әрі медицина дамуына өлшеусіз үлес қосқан әйелдердің символы ретінде атап өтті.
Конференцияның ғылыми бөлімінде көрнекті ғалымдар, өнер қайраткерлері және зерттеушілер баяндама жасады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов Гүлсім Асфендиярова өмір сүрген кезеңнің тарихи контексін ашып, өңірдегі алғашқы медициналық инфрақұрылымның қалыптасуындағы оның рөліне тоқталды.
Қазақстанның халық артисі, режиссер, сценарист-драматург, «Санжар Асфендияров» пьесасының авторы Ерсайын Төлеубай Асфендияровтар әулетінің тағдырының өнер тілінде бейнеленуі және тарихи жадты сақтауда драматургияның маңызы туралы ой бөлісті.
Сондай-ақ дәрігер-зерттеуші Бахыт Алтынбеков, «Әділет» қазақстандық тарихи-ағартушылық қоғамының мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағы мен Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Сауле Ходжикова, ҚазҰМУ-дың Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер кафедрасының ассистенті Гүлнұр Қабдышева «Гүлсім Асфендиярованың ұрпақ жадындағы орны» тақырыбы аясында өз зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті.
ҚазҰМУ жалпы медицина мектебінің 1 курс студенті Кәусар Оңғарованың «Ғылымға жол ашқан алғашқы қазақ қызы-дәрігер Гүлсім Асфендиярова» атты баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Жас баяндамашы сөзінде болашақ дәрігерлердің алғашқы қадамдары Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-дәрігердің өмір жолымен символикалық түрде сабақтасып жатқанын айшықтады.
Конференцияның қорытынды бөлігі салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды. Гүлсім Асфендиярованың 145 жылдығына орай медицина мен денсаулық сақтау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан медицина қызметкерлеріне Гүлсім Асфендиярова атындағы медальдар табысталды. Марапаттарды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Алдангорова мен ҚазҰМУ-дың Қосымша кәсіби білім беру институтының директоры Салтанат Мамырбекова тапсырды.
Сонымен қатар конференцияның жоғары деңгейде өтуіне және мазмұндық тұрғыдан бай болуына белсенді атсалысқан қызметкерлер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қатысушылардың пікірінше, конференция маңызды ғылыми алаңға ғана емес, кәсіби сабақтастықты нығайтып, тарихи жадты сақтау ісіне серпін берген елеулі оқиғаға айналды. Спикерлер атап өткендей, Гүлсім Асфендиярованың өмір жолы жаңа буын дәрігерлерін өз мамандығына адал болуға, адамға қызмет етудің биік өлшемін ұстануға және елдің денсаулық сақтау жүйесіне жауапкершілікпен қарауға шабыттандырады.











































































