«Толғау тоқсан қызыл тіл …»
«Толғау тоқсан қызыл тіл …»
2015 жылдың 18-31 желтоқсаны аралығында қысқы мектеп аясында өткен «Іскери қазақ тілі» атты семинар туралы өз ойымды бөліскенді жөн көріп отырмын. Бізге семинар өткізген қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы қазақ тіліндегі іс қағаздарының жазылу үлгілерін көрсетті.
Бір қарағанда дайын үлгіні толтыра салу керек сияқты көрінетін іс қағаздарына тән грамматикалық, стильдік ерекшеліктерді игеру оңай емес екеніне семинарды өту барысында көзіміз жетті. Доцент Т.Қ.Зайсанбаев орыс тілі мен қазақ тілінің грамматикалық өзгешіліктерін салыстыра келіп, қазақ тіліндегі іс қағаздарға тән ерекшеліктерді ашып көрсетті. Кафедралардағы хаттамалардың, мәлімдемелердің, сырқатнамалардың толтырылуындағы кемшіліктерді доцент Төлеубек Қизатұлы көрсетіп бергенде ғана анық аңғардық. Оған, әрине, оқытушыларды кінәлауға болмайды. Қазақ тілінде сабақ беріп жүрген оқытушыларымыздың көпшілігі мектепті қазақ тілінде бітіргенмен, медициналық оқу орындарын орыс тілінде тәмамдаған. Бұл да өз кезегінде олардың қазақша сөз саптауларына зиянын тигізгені анық.
Семинар барысында оқытушы жалаң теориямен шектелмей, нақты қателіктермен жұмыс істеді. Қазақ тілінің қаншалықты бай, әуезді, икемді екеніне көзіміз жетіп қана қоймай, тілді қолданудың қыр-сыры туралы мағлұматтар алдық. Доцент Т.Қ.Зайсанбаев қазақ тілінің байлығын көрсету мақсатында көптеген сөздердің шығу төркініне шолу жасап, тіліміздің ғасырлар бойы дамуындағы өзгерістерге тоқталды. Көне түркі ескерткіштерінен, ауыз әдебиетінен мысалдар келтіріп, тыңдаушылардың тілге деген қызығушылықтарын оятты.
Семинардың қызықты, әрі тартымды өткен сондай, уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалып отырдық. Осындай пайдалы да қажетті қысқы мектепті ұйымдастырған Кәсіби тілдерді дамыту оқу департаментінің директоры, профессор З.М.Жанқалова мен Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, доцент З.А.Абдуллинаға семинар тыңдаушылары атынан шын жүректен алғыс білдіремін.
Медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген білікті маман, доцент Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлына зор ризашылығымды білдере отырып, оған творчестволық табыс тілеймін. Осындай семинарлар жиі өткізіліп тұрса, мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің өсуіне, қазақ тілінің шын мәнінде ғылым тіліне айналуына зор ықпалын тигізеді деп есептеймін.
№1 Терапия бойынша интернатура және резидентура кафедрасының ассистенті
Кабдулданов С.А.