ҚазҰМУ акушерлік және гинекология кафедрасына Гүлсім Асфендиярованың есімі берілді
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің акушерлік және гинекология кафедрасына Гүлсім Асфендиярованың есімі берілді. Тиісті шешім ҚазҰМУ Ғылыми кеңесінің 2026 жылғы 26 ақпанда өткен отырысында қабылданды. Бұл маңызды оқиғаның 8 наурыз мерекесі қарсаңында, салтанатты мерекелік концерт барысында жариялануы ерекше мәнге ие.
Гүлсім Асфендиярова — жоғары медициналық білім алған алғашқы қазақ әйел-дәрігер, өңірдегі алғашқы акушер-гинеколог мамандардың бірі. Ол өз өмірін әйелдерге, аналар мен балалардың денсаулығына қызмет етуге арнады. Оның есімі отандық денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуымен, акушерлік-гинекологиялық көмектің дамуы және ұлттық медициналық кадрларды даярлау ісімен тығыз байланысты.
Өзінің кәсіби қызметін ол акушерлік және гинекология саласына арнап, босандыру жүйесін дамытуға, өз дәуірі үшін озық медициналық әдістерді енгізуге елеулі үлес қосты. Гүлсім Асфендиярова өңірде алғашқылардың бірі болып кесарь тілігі операциясын жасаған, жеке перзентхана ашқан, акушерлік курстар ұйымдастырып, онда дәріс берген. Оның бастамасымен көптеген медицина қызметкерлері даярланды. Ана мен бала денсаулығын қорғау ісін дамытуға, практикалық акушерліктің қалыптасуына және кәсіби медициналық мектептің негізін қалауға қосқан үлесі тарихи маңызға ие.
Бұл шешімнің дәл Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қабылдануының да өзіндік символдық мәні бар. Әйелдің қоғамдағы күші, даналығы мен жасампаз рөліне арналған мереке қарсаңында университет медицинаға адал қызмет еткен, кәсіби жауапкершілік пен адамгершіліктің үлгісіне айналған тұлғаның есімін ұлықтады.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов атап өткендей, бұл шешімнің тарихи ғана емес, тәрбиелік маңызы да зор:
«Акушерлік және гинекология кафедрасына Гүлсім Асфендиярованың есімін беру біз үшін ерекше маңызға ие. Бұл – көрнекті тұлғаға көрсетілген құрмет қана емес, тарихи әділеттіліктің қалпына келуі. Сонымен қатар, болашақ дәрігерлер үшін маңызды тәрбиелік бағдар болып табылады. Гүлсім Асфендиярованың есімі студенттер мен жас мамандарға медициналық қызметтің биік жауапкершілігін, кәсіби абырой мен өз ісіне адалдықтың маңызын үнемі еске салып тұрады. Болашақ акушер-гинекологтар “Мен Гүлсім Асфендиярова атындағы кафедрада білім алдым” деп ерекше мақтанышпен айтатынына сенімдімін. Бұл сөздерде ұлы тұлғаға деген құрметпен қатар дәрігер мамандығының жоғары миссиясын түсіну жатыр».
Акушерлік және гинекология кафедрасына Гүлсім Асфендиярованың есімін беру – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ғана емес, сондай-ақ отандық медицинаның бастауына құрмет көрсету, ұрпақтар сабақтастығын сақтау жолындағы маңызды қадам.
Студенттер, жас мамандар және оқытушылар үшін бұл есім кәсіби адалдықтың, адамгершілік күштің және медицинаға шынайы қызмет етудің символына айналады.






