ҚазҰМУ студенттері мен резиденттеріне атаулы стипендиялар табысталды
ANaMed Forum – New Generation 2026 халықаралық форумының жабылу рәсімі аясында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің атаулы стипендиялары табысталды.
Атаулы стипендиялар оқу үлгерімі жоғары, университеттің ғылыми, қоғамдық және студенттік өміріне белсенді қатысып жүрген білім алушыларға беріледі.
Марапаттау рәсіміне ҚазҰМУ Басқарма төрағасы – ректор Шоранов Марат Едігеұлы мен ректордың жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі Солтанай Жәнібек қатысты.
Санжар Асфендияров атындағы стипендия университеттің тұңғыш ректоры, мемлекет қайраткері, дәрігер-ғалым әрі Қазақстандағы медициналық білімнің негізін қалаушылардың бірі Санжар Жапарұлы Асфендияровтың құрметіне тағайындалған. Биыл бұл стипендияға:
- Жалпы медицина мектебінің 4-курс студенті Сейтхан Балауса Есболқызы;
- Фармация мектебінің 4-курс студенті Алимжанова Камила Армановна;
- Педиатрия мектебінің 5-курс студенті Умурбекова Алтынай Алишеровна ие болды.
Мәншүк Мәметова атындағы стипендия университет түлегі, Кеңес Одағының Батыры атағын алған алғашқы қазақ қызы Мәншүк Мәметованың құрметіне тағайындалған. Стипендия иегерлері:
- Жалпы медицина мектебінің 2-курс студенті Икметуллаев Жандос Бердахович;
- Жалпы медицина мектебінің 2-курс студенті Түзелханова Аянат Бауыржанқызы;
- Стоматология мектебінің 2-курс студенті Ахметжанов Фарис Рахимжанович.
ҚазҰМУ ректорының атаулы стипендиясы жоғары академиялық жетістіктері мен университет өміріндегі белсенділігі үшін Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің 4-курс студенті Жанатханқызы Ақнұрға табысталды.
Ақанов Айқан Ақанұлы атындағы стипендия медицина ғылымдарының докторы, профессор, денсаулық сақтау және медициналық білім беру саласының көрнекті ұйымдастырушысы, ҚазҰМУ-дың бұрынғы ректоры Ақанов Айқан Ақанұлының құрметіне тағайындалған. Стипендия иегері – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің «Хирургия» мамандығы бойынша 2-курс резиденті Дауренов Ұлықбек Ергешбайұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, атаулы стипендиялар ҚазҰМУ-дың академиялық дәстүрінің жалғасы әрі болашақ дәрігерлерге, жас зерттеушілер мен денсаулық сақтау саласының жаңа буын көшбасшыларына көрсетілген сенімнің белгісі.










