ҚазҰМУ-да «Life Science: Генетика және медицинадағы жасанды интеллект» атты секциялық отырысы өткізілді
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті «Жалпы медицина – 1» мектебінің Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасында AnaMed халықаралық форумы аясында «Life Science: Генетика және медицинадағы жасанды интеллект» атты секциялық отырыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Ғылыми іс-шара молекулалық биология, медициналық генетика, биоинформатика және жасанды интеллект бағыттарындағы заманауи зерттеулерді талқылауға арналған халықаралық ғылыми алаңға айналды.
Секциялық отырысқа Қазақстанмен қатар Гонконг, Испания, Германия, Ресей және Түркия мемлекеттерінен келген жетекші ғалымдар, зерттеушілер мен сала сарапшылары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты — генетика мен медицинаны цифрлық технологиялармен ұштастыра отырып, жасанды интеллекттің медицинадағы рөлін, ғылыми жаңалықтар мен инновациялық шешімдерді талқылау, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту болды.
Секциялық отырыс барысында 20-ға жуық ғылыми баяндама ұсынылып, медицинадағы жасанды интеллекттің қолданылу бағыттары жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, тор қабық ауруларын диагностикалаудағы кванттық технологиялар, ядролық рецепторларды зерттеудегі AI мүмкіндіктері, генетикалық технологияларға негізделген биомедициналық өнімдер, полигендік қауіп көрсеткіштері, қатерлі ісік жасушаларындағы репарациялық механизмдер, COVID-19 реконвалесценттеріндегі Candida штамдарын зерттеу, бронхөкпелік дисплазияның ерте генетикалық маркерлерін анықтау және персоналдандырылған медицинадағы жасанды интеллекттің рөлі секілді өзекті тақырыптар қамтылды.
Сонымен қатар форум аясында жас зерттеушілер мен магистранттардың ғылыми жобалары ұсынылып, молекулалық биология және медициналық генетика салаларындағы инновациялық цифрлық платформалар, AI-жүйелері, интеллектуалды микроскоптар мен виртуалды модельдеу технологиялары таныстырылды. Бұл ғылыми жобалар медициналық білім беру мен тәжірибелік зерттеулерге жаңа серпін беретіні атап өтілді.









