Бүгінде медицина тек ақ халатты мамандардың кәсібі ғана емес, озық технология мен жасанды интеллект тоғысқан стратегиялық салаға айналып отыр. Әлемдік денсаулық сақтау жүйесі цифрлық дәуірге қадам басқан шақта адам өмірін сақтаудағы жаңа мүмкіндіктер күн сайын кеңейіп келеді.
Осындай өзгерістер кезеңінде Алматыда өткен «ANAMed Forum – New Generation-2026» халықаралық форумы медицина, ғылым және білім саласының болашағына бағытталған маңызды пікір алаңына айналды. Биыл форумға әлемнің 23 елінен 1550-ден астам қатысушы жиналды. Алматы төріне Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және өзге де мемлекеттерден жетекші ғалымдар, білікті дәрігерлер, халықаралық сарапшылар, жас зерттеушілер мен технологиялық стартап өкілдері келді. Форум аясында заманауи медицина, жасанды интеллект, биотехнология, медициналық білім беру, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобалар кеңінен талқыланды. Басты мақсат – жасанды интеллект пен персоналдандырылған медицинаның мүмкіндіктерін тәжірибемен ұштастырып, адам денсаулығына қызмет ететін нақты шешімдерді ұсынуында.
Бүгінде бұл форум Орталық Азиядағы медицина, ғылым және білім саласын тоғыстырған ең ірі халықаралық платформалардың біріне айналып келеді. Алқалы жиын жаңа буын ғалымдары мен дәрігерлеріне тәжірибе алмасып қана қоймай, болашақ медицинаның даму бағытын айқындауға мүмкіндік бермек.
Форумның басты тақырыбы – «AI-Driven Personalization: Medicine & Education». Бүгінде бұл бағыт жаһандық денсаулық сақтау жүйесінің даму бағдарын айқындап отырған маңызды үрдіс. Жасанды интеллект технологиялары диагностикадан бастап хирургиялық жоспарлау, онкология, кардиология, педиатрия, акушерия, медициналық білім беру мен клиникалық шешім қабылдау жүйесіне дейін кеңінен енгізіліп келеді.
Осы тұрғыдан алғанда «ANАMed Forum – New Generation-2026» тек ғылыми пікір алмасу алаңы ғана емес, болашақ медицинасының жаңа моделін қалыптастыратын кәсіби әрі стратегиялық платформа ретінде ерекшеленеді. Мұнда медицина мен цифрлық технологияның тоғысындағы тың шешімдер ұсынылып, адам денсаулығын сақтаудың жаңа мүмкіндіктері талқылануда.
Форумның салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жасанды интеллектінің қазіргі әлемдік медициналық тәжірибеде айрықша маңызға ие болып отырғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, цифрлық технологиялар денсаулық сақтау саласының сапасын арттырып қана қоймай, дәрігер мен пациент арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, форум аясында халықаралық сарапшылар медицинаның болашағы деректерге негізделген дәл диагностика мен жеке адамға бейімделген емдеу тәсілдерімен тығыз байланысты екенін айтты. Бұл – медициналық көмектің тиімділігін арттырып, адам өмірінің сапасын жақсартуға бағытталған жаңа кезеңнің бастамасы.
– Жасанды интеллект болашақтың технологиясы болудан қалып, заманауи медицинаның нақты жұмыс құралына айналып келеді, – деді форумның ашылуында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, бүгінде AI-құралдары диагностика, радиология, онкология, кардиология, қоғамдық денсаулық сақтау және медициналық білім беру салаларында кеңінен қолданылып жатыр. Бұл технологиялар ауқымды деректер қорын жедел талдауға, ауруларды ерте кезеңде анықтауға, ықтимал тәуекелдерді бағалауға және болашақ дәрігерлер үшін жекелендірілген білім беру траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ал, ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов ANАMed Forum-ның басты мақсаты тек технологиялық трендтерді талқылаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, форум аясында жасанды интеллект, персоналдандырылған медицина және клиникалық сараптама пациент игілігі үшін тоғысатын денсаулық сақтау жүйесінің жаңа келбеті қалыптасып келеді. Екі күнге жоспарланған халықаралық форум барысында ҚазҰМУ алаңында 17 секциялық отырыс пен 3 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, 500-ден астам ғылыми баяндама ұсынылады. Форум бағдарламасы қазіргі медицинаның ең өзекті бағыттарын қамтиды.

– Бүгінде жасанды интеллект дәрігерлердің күнделікті тәжірибесіне батыл еніп келеді. Ол диагнозды дәлірек қоюға, емдеу алгоритмдерін тиімді құруға және оларды әлемдік үздік тәжірибелермен салыстыруға мүмкіндік береді. Әрине, біз жасанды интеллектінің барлық мәселенің шешімі емес екенін жақсы түсінеміз. Алайда ол маманға диагнозды анағұрлым дұрыс, жылдам әрі дәл қоюға үлкен көмек береді. Жасанды интеллект ешқашан дәрігерді алмастырмайды. Бірақ, жасанды интеллектіні тиімді қолдана білетін дәрігер, оны қолданбайтын дәрігерден озық болады, – деп атап өтті Марат Шоранов.
«ANaMed Forum – New Generation-2026» бүгінгі медицинаның тынысын танытып қана қоймай, болашақ денсаулық сақтау жүйесінің даму бағытын айқындайтын маңызды халықаралық алаңға айналып отыр. Форум бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі – денсаулық сақтау мен медициналық білім беру саласына арналған AI-шешімдерді әзірлеуге бағытталған ANaMed AI Challenge хакатоны болды. Финалдық кезеңге Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан келіп түскен 75 өтінімнің ішінен іріктелген үздік 10 жоба жолдама алды. Бұл жас дәрігерлердің, ғалымдар мен ІТ-әзірлеушілердің медицина саласына нақты технологиялық шешімдер ұсынып, ғылым мен инновацияны ұштастыра бастағанын аңғартады. Форум аясындағы тағы бір маңызды алаң – ғылым қорымен бірлесіп ұйымдастырылған технологияларды коммерцияландыру реакторы.
Мұнда медициналық технологияларды дамытуға, ғылыми стартаптарды қолдауға және зерттеу нәтижелерін практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге бағытталған 14 инновациялық жоба таныстырылды. Бұл бастамалар ғылымның зертхана шеңберінде қалып қоймай, нақты қоғам игілігіне қызмет етуіне жол ашпақ.

Бүгінде университет тек білім ордасы ғана емес, ғылым, клиника, цифрлық технология мен жастар бастамалары тоғысқан, медицина үшін нақты шешімдер қалыптасатын ірі экожүйеге айналып отыр. Ең бастысы, осы форумда болашақ медицинаны сырттай бақылап жүрген мамандар емес, оны бүгіннен бастап жасап жатқан жаңа буынның басы қосылды. Жасанды интеллект пен адамзат денсаулығының тоғысындағы жаңа кезең дәл осы ҚазҰМУ алаңында бастау алғандай әсер қалдырды.
Форум барысында ұсынылған ғылыми жобалар, AI-шешімдер мен инновациялық бастамалар медицина саласының жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетті. Ең маңыздысы, бұл алаңда болашақ туралы жай сөз айтылған жоқ. Мұнда сол болашақты бүгіннен бастап жасап жатқан ғалымдар, дәрігерлер мен жас мамандардың идеялары тоғысты. ҚазҰМУ қабырғасында бастау алған бұл халықаралық форум Қазақстанның медициналық ғылым мен технология саласындағы әлеуетін әлемге тағы бір мәрте танытып, жаңа буын медицинасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың біріне айналды.
Индира БІРЖАНСАЛ




