«Қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау: қазіргі вакцинологияның ғылыми және практикалық аспектілері» тақырыбында халықаралық форум өтті
ANaMed Forum – New Generation 2026 аясында «Қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау: қазіргі вакцинологияның ғылыми және практикалық аспектілері» тақырыбында халықаралық форум ұйымдастырылды.
Форум аясында көрнекті ғалым, эпидемиолог-вакцинолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Әміреұлы Әміреевтің өмір жолы мен ғылыми мұрасына арналған баяндамалар жасалды. Сонымен қатар қатысушылар вакцинопрофилактика жүйесін цифрландырудың заманауи бағыттары, ұжымдық иммунитет деңгейін болжауда жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері, сондай-ақ Жапонияның вакцинацияны басқару және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибесі жөнінде баяндамалар тыңдады.
Форум барысында «Ғалымның хаты өлмейді» атты библиографиялық көрсеткіштің тұсаукесері өтті. Басылымда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры Сәкен Әміреұлы Әміреевтің өнегелі өмір жолы, медицина ғылымының дамуына қосқан елеулі үлесі, ғылыми еңбектері мен ғалым туралы естеліктер жинақталған. Іс-шара соңында қонақтарға кітап тарту етілді.
Сонымен қатар Ғылыми кітапханада ғалымның ғылыми мұрасына арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде профессордың ғылыми зерттеулері, оқу құралдары, монографиялары және әр жылдары жарық көрген ғылыми мақалалары көпшілік назарына ұсынылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан зор үлесін насихаттау, жас зерттеушілер мен студенттерді ғылыми ізденіске баулу, сондай-ақ отандық медицина ғылымының дамуына үлес қосқан тұлғалардың мұрасын дәріптеу.
Кітап көрмесі мен тұсаукесер рәсіміне профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, кітапхана оқырмандары және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
























