ҚазҰМУ Қытайдың ғылыми және медициналық ұйымдарымен ынтымақтастықты дамытады
2026 жылғы 23 шілдеде С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да проректор С.Е. Султангазиеваның «Бір белдеу – бір жол» ғылыми-зерттеу институты мен «Rui Fu Tang» Қытай медицинасы халықаралық орталығының делегациясымен кездесуі өтті. Қытай делегациясының құрамына Қытайдың ғылыми және медициналық ұйымдарының сегіз өкілі кірді.
Кездесу барысында тараптар медициналық білім, ғылым және практикалық денсаулық сақтау салаларында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатудың перспективаларын талқылады. Қытай тарапының өкілдері Алматы қаласында өз клиникасы бар екенін атап өтті. Бұл бірлескен білім беру және клиникалық жобаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
Дәстүрлі қытай медицинасы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Тараптар ҚазҰМУ-да дәстүрлі қытай медицинасы бойынша білім беру бағдарламаларын іске қосу, факультет немесе жекелеген мамандықтар ашу мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар қазақстандық мамандар мен білім алушылардың осы бағытқа артып келе жатқан қызығушылығы талқыланды.
Келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі Қазақстан мен Қытайдың медицина мамандары арасында тәжірибе алмасу болды. Атап айтқанда, біліктілікті арттыру бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты, бірлескен ғылыми зерттеулер мен кәсіби тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Кездесу барысында ҚазҰМУ өкілдері қытайлық әріптестерінің жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы тәжірибесіне де қызығушылық танытты. Атап айтқанда, кохлеарлық имплантация жасау, сондай-ақ микротиясы және құлақ қалқанының қалқиып тұруы бар пациенттерді хирургиялық емдеу (отопластика) мәселелері талқыланды.
Тараптар микротия кезінде құлақ қалқанын реконструкциялау және отопластика бойынша көрсетілімдік операциялар жүргізу үшін жетекші шетелдік мамандарды тарта отырып, бірлескен шеберлік сабақтарын ұйымдастыруға қызығушылық білдірді. Бұл отандық дәрігерлердің даярлық деңгейін арттыруға және заманауи хирургиялық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі өзара іс-қимыл жасауға мүдделі екендерін білдіріп, ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен форматтарын талқылауды жалғастыруға келісті.
Кездесу аяқталғаннан кейін Қытай делегациясының мүшелері ҚазҰМУ музейіне барып, университеттің қалыптасу және даму тарихымен танысты.












