«KAZMEDIA HOLDING» өкілдерімен кездесу
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы Harvard Business Impact компаниясының эксклюзивті дистрибьюторы — «KAZMEDIA HOLDING» компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында Harvard Manage Mentor цифрлық платформасын «KAZMEDIA HOLDING» компаниясының басқарушы директоры Қанат Абашов және корпоративтік оқыту өнімдерінің директоры Нұрдәулет Шарен таныстырды.
Harvard Manage Mentor — басқарушылық құзыреттерді 42 бағыт бойынша дамытуға арналған цифрлық платформа. Платформа бірыңғай басқару стандартын қалыптастыруға, басшылардың көшбасшылық дағдыларын дамытуға және заманауи басқару құралдарын жұмыстан қол үзбей тәжірибеде қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Harvard Business Impact Spark — басшыларға арналған, HBI-дың 30 мыңнан астам материалдары негізінде оқытылған жасанды интеллект (AI) құралы. Ол әлемдік үздік тәжірибелерді жедел іздеуге, басқару мәселелері бойынша ұсынымдар алуға және алынған білімді күнделікті кәсіби қызметте тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Кездесуге университеттің бірінші проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Д.Р. Қайдарова, Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры М.М. Якупова, Адами ресурстарды дамыту департаментінің директоры Б.С. Нағасбекова, Персоналды дамыту басқармасының басшысы А.Е. Абылгазина қатысты.
Кездесу барысында Harvard Business Impact ұсынатын әлемдік деңгейдегі менеджмент және көшбасшылық бағыттары бойынша цифрлық оқыту платформасын университет қызметіне енгізу жөнінде ұсыныстар қарастырылды.






