ҚазҰМУ SCIENCES.KZ бірыңғай цифрлық ғылыми экожүйесін құрды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде зерттеушілерді, оқытушылар мен білім алушыларды ғылыми қызметке қажетті негізгі цифрлық сервистермен біріктіретін SCIENCES.KZ бірыңғай цифрлық ғылыми экожүйесі құрылды.
Жаңа платформа ғылыми қызметті кешенді сүйемелдеуге арналған ортақ цифрлық кеңістік қалыптастырады. Экожүйе зерттеулерді жоспарлау мен есепке алудан бастап ғылыми жарияланымдарды дайындауға, биоэтикалық сараптамадан өтуге, деректерді талдауға және жасанды интеллект құралдарын пайдалануға дейінгі ғылыми жұмыстың негізгі кезеңдерін қамтиды.
SCIENCES.KZ өзара байланысты бірнеше цифрлық бағытты біріктіреді.
Research Portal – ҚазҰМУ-дың ғылыми қызметін басқаруға арналған цифрлық жүйе. Порталда ғылыми жобалар, жарияланымдар, зерттеушілер және ғылыми қызмет көрсеткіштері туралы ақпарат біріктіріліп, ғылыми нәтижелерді жүйелі мониторингтеу мен талдауға негіз қалыптастырылады.
ANaMed AI – ғылыми және кәсіби ақпаратпен жұмыс істеуге арналған жергілікті AI-платформа. Сервис жасанды интеллектпен диалог жүргізуге, құжаттар мен веб-ресурстарды талдауға, сондай-ақ дереккөздерге негізделген ақпараттық іздеу жүргізуге мүмкіндік береді.
ANaMed BioAge – биологиялық қартаю үдерістерін зерттеуге арналған платформа. Оның көмегімен жеке биологиялық профильдер қалыптастыруға, зерттелетін топтарды салыстыруға және ғылыми деректерді визуализациялауға болады.
ҚазҰМУ Manuscript Lab – ғылыми қолжазбаларды халықаралық есептілік стандарттарына сәйкес дайындауға арналған цифрлық көмекші. Сервис зерттеушілерге ғылыми мақаланың құрылымын дұрыс қалыптастыруға және әртүрлі зерттеу дизайндарына қойылатын талаптарды ескеруге көмектеседі.
Экожүйеге сонымен қатар зерттеулерді этикалық сараптамадан өткізу үдерісін цифрландыруға арналған Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның (LCB) жүйесі интеграцияланған. Ол өтінімдерді электронды түрде беруге және этикалық сараптаманың барлық кезеңін сүйемелдеуге мүмкіндік береді.
SCIENCES.KZ экожүйесінің жеке бағыты университеттің ғылыми журналдарын дамытуға арналған. Бірыңғай цифрлық кеңістікте «ҚазҰМУ Хабаршысы», Global Medical Reviews және Pharmaceutical Sciences and Health Products журналдары ұсынылған. Бұл ғылыми-зерттеу және баспа инфрақұрылымын бір ақпараттық ортаға біріктіруге мүмкіндік береді.
Экожүйенің тағы бір маңызды сервисі – диссертацияларды цифрлық тексеру жүйесі. Пайдаланушы диссертациялық жұмысты DOCX форматында жүктеп, оның техникалық талаптарға сәйкестігін тексере алады. Сонымен қатар жергілікті AI-құралдарының көмегімен мәтіннің мазмұндық және мағыналық үйлесімділігі бағаланады.
SCIENCES.KZ құрамына ҚазҰМУ-дың интерактивті 3D-кампусы да енгізілген. Ол университет аумағын, оқу және әкімшілік ғимараттардың, кіреберістер мен басқа да инфрақұрылым нысандарының орналасуын үшөлшемді форматта көруге мүмкіндік береді.
SCIENCES.KZ құру – ҚазҰМУ-дың цифрлық ғылыми инфрақұрылымын жүйелі дамыту жұмысының бір бөлігі. Жекелеген және бір-бірінен бөлек сервистердің орнына ғылыми қызметтің негізгі кезеңдерін өзара байланыстыратын тұтас цифрлық экожүйе қалыптасуда:
зерттеуші – идея – жоба – этикалық сараптама – деректер – талдау – қолжазба – жарияланым – нәтижелерді бағалау.
Мұндай тәсіл ғылыми үдерістерді басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, зерттеу мәдениетін дамытуға, заманауи цифрлық технологияларды ғылыми ортаға енгізуге және ҚазҰМУ қызметкерлері мен білім алушыларының ғылыми құралдарға қолжетімділігін кеңейтуге негіз қалайды.
SCIENCES.KZ – ғылым, адамдар, денсаулық, болашақ.
Платформаға сілтеме: https://sciences.kz/



