Сарапшылар ересектердегі спастиканы диагностикалау, емдеу және оңалтудың заманауи тәсілдерін талқылады
2026 жылғы 25 сәуірде Алматы қаласында «Ересектердегі спастиканы диагностикалау, емдеу және оңалтудың шешілмеген мәселелері: ботулинотерапияның орны» тақырыбында Сарапшылар кеңесі өтті. Шара спастикасы бар емделушілерді, соның ішінде инсульттан кейінгі жағдайларды жүргізудің өзекті мәселелерін, сондай-ақ қазіргі клиникалық практикадағы ботулинотерапияның рөлін талқылау үшін Қазақстан Республикасының неврология және медициналық оңалту саласындағы жетекші мамандарының басын қосты.
Ғылыми бағдарламаны аша отырып, м.ғ.д., С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі, ҚР ДСМ штаттан тыс бас неврологы Турупбекова С. Т. ересектердегі спастиканы диагностикалаудың, клиникалық бағалаудың және емдеудің стандартталған тәсілдеріне арналған баяндамасын ұсынды. Пікірталас аясында сарапшылар валидацияланған клиникалық шкалаларды кеңінен қолдану және инсульттан кейінгі спастиканы алғашқы бағалаудың дәлдігін арттыру қажеттілігін атап өтті.
М.ғ.к., акад. Н.Д. Батпенов атындағы ҰҒТО (Астана қ.) оңалту бөлімшесінің меңгерушісі, ҚР ДСМ ересектердің физикалық медицинасы және оңалту бойынша штаттан тыс бас маманы Жанаспаева Ғалия Аманғазықызы инсульттан кейінгі емделушілерді оңалтудың екінші кезеңінің заманауи принциптерін баяндап, мультидисциплинарлық тәсілдің негізгі рөліне тоқталды.
Үздіксіз оңалту мәселелері мен амбулаториялық кезеңнің маңыздылығын Алматы қ. Орталық қалалық клиникалық ауруханасының физиотерапия, қалпына келтіру емі және оңалту бөлімшесінің меңгерушісі, Алматы қ. штаттан тыс бас реабилитологы, м.ғ.д. Төреқұлова Айгүл Ахметқызы және Алматы қ. штаттан тыс бас неврологы Саржанова Сәуле Мырзабекқызы таныстырды. Сарапшылар емделушілер мен олардың отбасылары ұзақ мерзімді оңалтуды ұйымдастыру кезінде кездесетін кедергілерді, сондай-ақ стационарлық және алғашқы медициналық-санитарлық көмек буындары арасындағы сабақтастықты нығайту қажеттілігін талқылады.
Көмек көрсетудің өңірлік аспектілері м.ғ.к., ОҚМФА доценті (Шымкент қ.) Мұстапаева Гүлнар Әбдімәжитқызының және №2 нейрооңалту бөлімшесінің меңгерушісі Хасанова Альмира Шухратқызының баяндамаларында қаралды. Баяндамашылар емделушілер маршрутизациясының негізгі мәселелерін және өңірлердегі мамандандырылған оңалту мен ботулинотерапияға қолжетімділіктің шектеулілігін тілге тиек етті. Ерте оңалту мәселелеріне денсаулық сақтау магистрі, невролог-дәрігер, реабилитолог-дәрігер, акад. Н.Д. Батпенов атындағы ҰҒТО (Астана қ.) білім беру бөлімінің ассистенті Сейданова Амина Бағдатқызы ерекше назар аударды.
Талқылау барысында кешенді терапияны, соның ішінде ботулинотерапияны ерте бастаудан барынша пайда көретін емделушілер санаттары қаралды.
Бес пікірталас сессиясы аясында қатысушылар кең ауқымды мәселелерді талқылады, соның ішінде:
- спастиканы диагностикалаудың ең ақпараттық әдістерін таңдау;
- емделушілердің жағдайын алғашқы бағалаудағы қиындықтар;
- тиімді мультидисциплинарлық топты құру;
- үздіксіз және амбулаториялық оңалтуды ұйымдастыру;
- емделушілер маршрутизациясы және өңірлердегі заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігі;
- терапияны ерте бастаудың және емделушілермен, олардың отбасыларымен жүргізілетін ағарту жұмыстарының рөлі.
Отырыс қорытындысы бойынша сарапшылар клиникалық хаттамаларды одан әрі жетілдіру, үздіксіз оңалту жүйесін дамыту, сондай-ақ пәнаралық өзара іс-қимыл мен білім беру бастамаларын күшейту қажеттілігін атап өтті.













