ҚазҰМУ-да «Санжар Асфендияров» тарихи драмасы сахналанды
21 қазанда С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің «Concordia» театрында «Санжар Асфендияров» тарихи драмасы сахналанды. Университеттің тұңғыш ректоры, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым әрі дәрігердің туғанына 137 жыл толуына арналған қойылымды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы ұсынды.
Студенттер, оқытушылар мен университет қызметкерлері бас қосқан кеште Санжар Асфендияровтың өмір жолы, елге сіңірген еңбегі мен күрделі тағдыры сахна тілімен баяндалды. Әсіресе, университет табалдырығын жаңадан аттаған бірінші курс студенттері үшін бұл қойылым оқу орнының тарихын және оның қалыптасуына негіз болған тұлғаның мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Қойылым алдында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов сөз сөйлеп, бірінші курс студенттеріне «Санжар Асфендияров» тарихи драмасын көрсету университеттің жыл сайынғы дәстүріне айналғанын атап өтті.
«Санжар Асфендияровтың есімі біздің университет үшін ерекше қастерлі. Сондықтан әрбір студентіміз оның кім болғанын, еліміздегі жоғары білім мен денсаулық сақтау саласының дамуына қандай үлес қосқанын, өмірінде қандай қиындықтарды бастан өткергенін білуі керек. Ол қысқа ғұмырында халқына өлшеусіз еңбек сіңіріп, өшпес мұра қалдырды. Сіздер осы тұлғаның есімі берілген университетте білім алып жатқандықтан, оның өмір жолын терең танып, елге сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізулеріңіз қажет. Бүгінгі қойылым Санжар Асфендияровтың тағдырына үңіліп, оның қайраткерлік болмысын жақынырақ тануға мүмкіндік береді», – деді Марат Шоранов.
Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың пьесасы негізінде сахналанған туындыда тарихи тұлғаның тағдыры арқылы дәуір шындығы ашылды. Қоюшы режиссер Мейрамбек Тағанов пен қоюшы суретші Мұрат Сапаровтың шығармашылық шешімдері кейіпкерлердің өмір сүрген ортасын, кезеңнің күрделілігін сезінуге жол ашты. Қойылымда елге қызмет ету мұраты, ұстанымға адалдық пен адам тағдыры мәселелері сабақтаса өрілді.
Санжар Асфендияровтың бейнесін сомдаған Елжан Тұрыс қайраткердің табандылығын, ішкі толғанысы мен басынан өткерген қасіретін көрерменге жеткізді. Рабиға рөліндегі Гүлнұр Досанова, Үмігүлсім бейнесіндегі мәдениет саласының үздігі Гүлнұр Шыңғысова, Халел рөліндегі мәдениет саласының үздігі Бауыржан Манжигитов және Жолдасты сомдаған Қайрат Набиолла кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы арқылы туындының драмалық мазмұнын аша түсті. Актерлердің ойыны тарихи оқиғалардың астарындағы адам тағдырына үңілуге мүмкіндік берді.
Бұл кеште ҚазҰМУ студенттері көрермен ретінде ғана емес, қойылымға қатысушы ретінде де университет тарихымен жақынырақ танысты. Кәсіби театр ұжымымен бір сахнада Медицина мектебінің 1-курс студенті Нұрлан Умиттардиев, 3-курс студенті Аслан Үсен және 6-курс студенті Бекжан Ахмедов өнер көрсетті. Оларға Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің 3-курс студенті Айбол Қалиахмет пен Стоматология мектебінің 2-курс студенті Дарын Құмарбек қосылды. Әртүрлі мектеп пен курста білім алатын жастардың ортақ шығармашылық жұмысқа қатысуы қойылымның университет қауымы үшін маңызын арттыра түсті.
Студенттер үшін кәсіби актерлермен бірге өнер көрсету сахналық тәжірибе жинақтаумен қатар, Санжар Асфендияров өмір сүрген кезеңді, оның ұстанымы мен елге қызмет ету жолын шығармашылық ізденіс арқылы түсінуге мүмкіндік берді. Осылайша, тарихи драма жастарды университет мұрасымен таныстыратын әрі олардың өнерге қызығушылығын қолдайтын мәдени оқиғаға айналды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен ҚазҰМУ арасындағы шығармашылық әріптестік жыл сайын жалғасын тауып келеді. «Санжар Асфендияров» тарихи драмасын студенттерге ұсыну дәстүрі университеттің тұңғыш ректорының есімін құрметтеуге, оның еңбегі мен өнегесін жас ұрпаққа танытуға қызмет етеді. Биылғы қойылым да университет тарихын сахна өнері арқылы зерделеп, елге қызмет етудің мәні туралы ойлануға мүмкіндік берді.





































