Микроәлемнен медицинаға дейін: ұстаз еңбегіне құрмет
5 қазан – Ұстаздар күні – білім мен ғылым жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетілетін ерекше күн. Бұл – шәкірт жүрегіне білім нәрін сеуіп, кәсіби жолына бағыт-бағдар беріп жүрген жандарға алғыс білдіретін айтулы мереке.
Осы мерейлі күнге орай ТДМ №3, №4 және №17 сәйкес С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің микробиология, вирусология кафедрасының эдвайзер оқытушылары эдвайзерлік топтармен бірге кафедраның профессор-оқытушылар құрамын кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Ұстаздық – тек білім беру емес. Бұл – шәкірттің бойына жауапкершілік пен адамгершілікті сіңіру, оның өз жолын табуына қолдау көрсету, әр жетістігіне қуанып, әр қадамына сеніммен қарау. Ал медицина саласындағы ұстаздың еңбегі одан да биік жауапкершілікті талап етеді. Себебі бүгінгі аудиториядағы шәкірт – ертең адам өміріне жауап беретін дәрігер.
Кафедра ұжымы үшін бұл күн – кәсіби жетістіктерді ғана емес, ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастықты, әріптестік сыйластықты және ортақ мақсат жолындағы бірлікті бағалайтын ерекше мүмкіндік болды.
Мерекелік құттықтау барысында кафедра оқытушыларына мықты денсаулық, отбасы амандығын, еңбектеріне толағай табыс, ғылыми ізденістеріне жаңа серпін, шығармашылық шабыт және шәкірттерінің биік белестерін көру бақыты тіленді.
Ұстаздың еңбегі – уақытпен өлшенбейтін құндылық.
Оның айтқан сөзі, берген білімі, көрсеткен үлгісі шәкірт жадында ұзақ сақталады. Бүгінгі ізгі тілектер де кафедраның әрбір ұстазына деген шынайы құрмет пен ризашылықтың көрінісі болды.
Микробиология,вирусология кафедрасының ПОҚ барлық ұстаздарды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтайды!
Ұстаз еңбегі әрдайым елдің ертеңіне қызмет етсін!


