«Ми құпиялары. Мультимодальді форум» халықаралық-практикалық конференциясы
2026 жылғы 16 сәуірде Алматы қаласында неврология, радиология, нейроғылым және сабақтас пәндер саласындағы мамандардың басын қосқан «Ми құпиялары. Мультимодальді форум» атты халықаралық-практикалық конференция өтті.
Бұл іс-шара заманауи ғылыми біліммен, клиникалық тәжірибемен алмасудың және жүйке жүйесі ауруларының диагностикасы, емі мен алдын алудың өзекті мәселелерін талқылаудың маңызды алаңына айналды. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының түрлі қалалары мен өңірлерінен келген жетекші сарапшылар, ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлер, сондай-ақ Грузия, АҚШ және Ұлыбритания өкілдері қатысты.
Ғылыми бағдарламаның негізгі бағыттары:
Ғылыми бағдарлама аясында заманауи неврологияның түйінді мәселелері қарастырылды, соның ішінде:
- Инсульт проблемалары және оның алдын алу стратегиялары;
- Бас айналуы бар пациенттерді емдеудің заманауи тәсілдері;
- Неврологиялық практикадағы метаболикалық бұзылыстар;
- Жүйке жүйесі ауруларын емдеудегі В тобы витаминдерінің рөлі;
- Нейропатиялық ауырсыну мәселелері.
Ерекше назар Альцгеймер ауруын зерттеудегі жаңа жетістіктерге және неврологияға жасанды интеллект технологияларын енгізуге аударылды.
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасын конференцияда кафедра профессоры, «Неврологтар қауымдастығының» президенті Нургожаев Е.С. таныстырды. Форум аясында ол «Мидың созылмалы ишемиясы. Болжамдар» тақырыбында баяндама жасап, бұл жағдайдың патогенезі, клиникалық барысы және болжамы туралы заманауи түсініктерді ортаға салды.
Мұндай іс-шараларды өткізу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми әлеуетті дамытуға және озық технологияларды практикалық денсаулық сақтау саласына енгізуге ықпал етеді.






